Басты бетЖаңалықтарСуицидті насихаттағаны...

Суицидті насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі

Елімізде суицидке итермелегені және суицидті насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.

Мәжіліс депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы мен әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр.

Заң жобасы бойынша, суицидтің алдын алу үшін қылмыстық кодекске жаңа екі құрам бойынша норма енгізілген: суицидке итермелеу және суицидті насихаттау.

Мысалы бұдан бірнеше жыл бұрын «Синий кит» немесе сол секілді ойындар бойынша әлеуметтік желілерде челендждер болып тұрды. Суицидке итермелегені үшін бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен қылмыстық жауапкершілік белгілеу ұсынылады. Суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаңа қылмыстық жауапкершілік енгізіліп жатыр, — деді мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова төменгі палатаның жалпы отырысында.

Сонымен қатар интернаттық ұйымдарда тұратын балалардың құқықтарын қорғау мақсатында да нормалар қарастырылған.

Бұл жерде екі проблема бар. Біріншісі – жабық интернат ұйымдары, оған балалар үйлері де кіреді. Екіншісі – арнайы әлеуметтік-медициналық қызмет көрсететін ұйымдар. Қазір оларды бақылаудың реті мынадай: арнайы жоспарлайды, хабарлама береді, сосын барып тексереді, — дейді депутат.

Депутаттар бақылау субъектісін алдын ала хабардар етпей, барлық үлгідегі және нысандағы балаларға арналған интернаттарда кез келген уақытта мемлекеттік бақылау жүргізуді ұсынып отыр.

Мониториң және алдын ала араласу, ескертусіз тексеріс жүйесін енгізу балалардың құқықтарын бұзу жағдайларын дер кезінде анықтауға және уақтылы көмек қолдау көрсетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз, — дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар балаларға арнайы медициналық-әлеуметтік қызметтерді міндетті лицензиялау және білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды, яғни балалардың жазғы лагерлері, жалпы лагерьлеріне міндетті лицензиялау нормалары ұсынылып отыр.