Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылында болған апат салдарынан Алматының бірнеше шағынауданы газсыз қалды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Наурызбай ауданының әкімі Нәзира Тоғызбаеваның айтуынша, Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылында орташа қысымды магистральды газ құбырына ауыр жүк көлігі соғылған.
Төтенше жағдай 20 ақпан кешкі сағат 21.50 шамасында болды.
Салдарынан Наурызбай ауданының бірнеше шағынауданы газсыз қалды. Апат болған жерге шұғыл қызметтік топ жетті. Қазіргі уақытта апатты қалпына келтіру жұмыстарына қаланың барлық коммуналдық кәсіпорындары мен құтқару қызметі жұмылдырылды, — делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, таңғы сағат 08.06-да дәнекерлеу жұмыстары аяқталды. Газ беру кезең-кезеңімен қалпына келтірілетін болады.