Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға мемлекеттік сапармен барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан президентін Дохадағы «Хамад» халықаралық әуежайынан Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни қарсы алды. Мемлекет басшысын күтіп алу кезінде Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды.
Рәсім аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары әуежайдың мәртебелі меймандар залында қысқаша пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев 14 ақпан күні Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен және премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен келіссөздер жүргізеді.
Келіссөз қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қою жоспарланып отыр.
Сонымен қатар президент қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысады және осы елдің бизнес капитандарымен бірқатар кездесу өткізеді.