Алматының орталығында үш автобус пен жеңіл көлік соқтығысты. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Бейнежазбадан полиция қызметкерінің бір адамды көтеріп алғанын және автобустан жолаушылардың түсіп жатқанын көруге болады.
Полиция мәліметінше, жол апаты бүгін, 13 ақпанда сағат 09.00 шамасында Райымбек даңғылында болды.
Райымбек даңғылымен келе жатқан №54-бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушісі алдында қозғалып бара жатқан №133-бағыттағы автобуспен және Nexia маркалы машинамен соқтығысқан. Осы кезде 133-ші автобус инерция салдарынан сол бағытта келе жатқан №88-ші қоғамдық көлікке соғылды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді, — делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, жол апатына ұшыраған үш қоғамдық көлік жеке тасымалдаушыларға тиесілі.
Жол-көлік оқиғасына қатысты деректі Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеріп жатыр. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр, — делінген хабарламада.