2029 жылы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында екінші ЖЭО салынады

Мемлекет басшысы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлын қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Берік Әбдіғалиұлы облыстың былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді. Оның айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 14%-ке өсіп, 210,1 миллиард теңгеге жеткен. Осы ретте жеке инвестицияның үлесі 90% болған. Өткен жылы өңірде жалпы сомасы 10 миллиард теңге болатын үш ірі жоба іске асырылды. Биыл кем дегенде 16 жобаны, оның ішінде өнеркәсіп және геология бағыттары бойынша сегіз, туризм және сауда салаларында үш, агроөнеркәсіп кешенінде бес жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде өңірде 700 жаңа жұмыс орны ашылады.

Биыл аграрлық салада құс фабрикасын, ет өңдеу кешенін салу, 3 000 гектар аумақта картоп және көкөніс өсіретін фермерлік шаруашылықтарды іске қосу көзделіп отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 3 600 орындық алты мектеп салынады. Оның біреуі биыл Жезқазан қаласында пайдалануға берілмек. Сонымен қатар: биыл іске қосылатын 10 спорт нысаны жайында баяндады. 320 адамға арналған бассейні бар көпфункционалды спорт кешені, Жезқазған қаласында «Қазақмыс» корпорациясы «Намыс» СК балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы, Жезді және Жаңаарқа кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Қаражалда жабық бассейн, сонымен қатар ангар типті бес ойын кешені салынады.

Әкім облыстағы жылыту маусымының және жылумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы туралы айтты. Инфрақұрылымды одан әрі дамытуға байланысты 2029 жылы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында екінші жылу электр орталықтарының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл орталықтар жылу тапшылығы мәселесін шешуге тиіс. Жезқазған–Қызылорда және Жезқазған–Арқалық жолдарының құрылыс-монтаждау, сонымен қатар Үйтас-Айдос су құбырын реконструкциялау жұмыстары басталғаны жайында баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді одан әрі дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырма берді.