Алматы облысында қар көшкіні жүрді. Салдарынан облыстық маңызы бар Түрген-Батан-Асы обсерваториясы жолы жабылды.
Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, Еңбекшіқазақ ауданында 9 ақпан күні таңғы сағат 11.35-те Түрген-Батан-Асы обсерваториясы бағытындағы облыстық автожолдың 24 шақырымында өздігінен қар көшкіні жүріп өтті. Оған тау беткейлеріндегі қар жамылғысының тұрақсыз жағдайы себеп болған. Қар көшкінінің жалпы көлемі анықталып жатыр.
Оқиға орнына «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мен құтқарушылары шықты.
2024 жылғы 1 мамырға дейін 15-ші шақырымнан бастап жолдың осы учаскесінде қозғалыс жабық екенін ресми түрде хабарлаймыз. Оқиғаның салдарын жою жұмыстары басталып кетті, барлығы ретке келтіріледі. Айта кетейік, зардап шеккендер жоқ, Алматы облысы бойынша алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.