Биыл Алматыда, Мұзтау, Каменск үстірті, Асқарау, Кіші станица, Атырау және Сұлусай шағынаудандарында 145,7 шақырым тарату желілерінің құрылысы басталып, 2025 жылы аяқталады.
Бұл туралы әкім Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2024 жылдың 3 тоқсанында Таулы қырат, Алатау және Юбилейный шағынаудандарында 51,7 шақырым тарату желілері салынады.
Былтыр жазда, аптап ыстыққа байланысты ауданның жоғары бөлігін сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындады. 2023 жылғы шілдеде судың лайлануы нормадан 50 есе асып, су тапшылығы тәулігіне 20 мың текше метр болды. Тапшылықты жою үшін төтенше жағдайлар аясында қуаты тәулігіне 32 мың текше метр резервтік сумен қамту схемасының құрылысы басталды, ол 2024 жылғы маусымда аяқталады. Судың негізгі көздері — Талғар жерасты сулары мен сорғы станцияларының қуатын 60%-ке арттыра отырып, алты жаңа скважина бұрғылау, — деді Ерболат Досаев.
Бұған қоса, қала басшысы «Думан» шағынауданында халық санының көбеюіне байланысты, жұмыс істеп тұрған резервуарлардың өткізу қабілеті ауыз су қажеттігін өтемейтінін жеткізді. Жазғы уақытта тәулігіне 2,2 мың текше метр тұтыну тапшылығы байқалады.
Осы мәселені шешу үшін биыл екі су резервуарын, магистралды су құбырын және екі сорғы станциясын реконструкциялауды бастаймыз, — деді Ерболат Досаев.