22 ақпаннан бастап режиссер Еркін Рақышев түсірген «Жаралы сезім» фильмінің екінші бөлімі жарық көреді. Baribar.kz бас кейіпкердің бірі Азаматтың есейген шағын сомдайтын актер Абай Мәжитпен сұхбаттасты. Актер өзі және фильм сюжеті туралы айтып берді.

— Көктөбеден Алматы алақандағыдай көрінеді екен…

— Қалай, қалай?

— Алақандағыдай…

«Жаралы сезім» фильміндегі Арай мен Қанаттың дәл осы диалогы әлі күнге дейін көпшіліктің есінде. 17 жылдан соң режиссер Еркін Рақышев осы фильмнің екінші бөлімін түсірді. Оның желісі бойынша, Арай мен Қанаттың баласы Азамат есейеді, бірақ есірткіге тәуелді болады. Өзі де есірткі сатумен айналысып кетеді. Азаматтың рөлін актер Абай Мәжит сомдады.

Өкінішке қарай, қазіргі қоғамның жүрегін жаралап жатқан қиын жағдай – жастардың есірткі сияқты зиян заттарға тәуелді болып жатқаны. Фильм осы мәселені өзекті санап, есірткімен күресті басты тақырып етті. Есірткіге тәуелді Азамат – жағымсыз кейіпкер. Бірақ соңында күтпеген жағдай болады. Оны алдағы уақытта фильмді көрген соң білесіздер, — дейді актер.

Көрермен фильмнен Қанат, Иван, Сократ сияқты кейіпкерлерді сомдаған бұрынғы актерлармен қайта қауышады. Оған қоса жаңа актерлармен де танысады. Солардың бірі — актер Абай Мәжит. Абай Арай мен Қанаттың баласы Азаматтың есейген шағын сомдайды.

Абай Мәжит. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Абай Мәжиттің айтуына қарағанда, Азаматтың кішкентай кезін ойнаған актер қазір кино саласында емес. Сол себепті Еркін Рақышев Азаматтың рөліне жаңа адамды іздеген. Алғашында режиссер Абайды рөлге сай келмейді деп ойлаған. Дегенмен соңында таңдауы осы актерге түсіпті.

Алғашында басты рөлдегі жігіттің кейпінен үлкен көрінетімді айтты. Қанатқа ұқсайтын басқа жігітті тапты, бірақ ол адам рөлді дұрыс сомдай алмапты. Кейін режиссер маған хабарласып: «Осы рөлді саған сеніп тапсырсам, бірақ бір шартым бар. Шашыңды қысқа етіп аласың, сонда түрің жастау көрінеді деді, аңызға айналған кино болған соң, қуана келістім,— дейді Абай Мәжит.

Абай «Жаралы сезім» фильмін 4-класс оқып жүргенінде көрген. Ол «17 жылдан соң дәл осы фильмнің екінші бөліміне түсемін деп ойламаппын» дейді.

Фильмнің ерекше есімде қалған жері — Бокс деген жігіттің қайтыс болатын кезі. Соны көргенде көзіме жас келген еді. Ал фильмнің соңында кішкентай баланың «Папа, папа, кетпеші» деген үзіндісін көрген соң, Азамат деген достарымның бәріне әзілдеп, тиісетінмін. Енді, міне, 17 жылдан соң өзім сол Азаматтың рөлін сомдап жатырмын, — деп күлді актер.

Абай Мәжит. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Абай өмірде өзі сомдаған кейіпкер Азаматқа еш ұқсамайтынын айтады. Дегенмен рөлді  барынша жақсы ойнап шығуға тырысқан. Тіпті түсірілім кезінде жарақаттанып қалыпты.

Массовкада төрт-бес жігіт түскен еді. Біреуі байқаусызда басымнан ұрып қалды. Салдарынан басым ісіп, түсірілімді бір-екі сағатқа шегерген кезіміз болды, — дейді.

Абай фильмде бірге түскен әріптестерімен түсірілім алаңында алғаш танысқан. Ол кинодағы Қанат, Иван, Сократ өмірде де жақсы адамдар екенін айтады.

Фото жеке архивінен

Актерлық құрамда маған Арайдың әкесі болып ойнаған Тасболат деген кісі ғана таныс болды. Қалғанымен түсірілім барысында жақсы араласып кеттім. Актерлық құрам мықты болды, бірақ Иванның рөлін сомдаған актер қазір дін жолында жүргендіктен, кішкене тартыншақтады. Дегенмен кейін ол да үйреніп кетті, рөлін жақсы сомдап шықты, — дейді Абай.

Оның айтуынша, Арайдың рөлін бұрынғы актриса емес, басқа артист — Әсем Қашағанова ойнап шыққан.

Арайдың рөлін ойнаған Регина Шамғұнованың бір сұхбатында Берік екеуі (Қанаттың рөлін сомдаған актер — ред.) жақсы қарым-қатынаста екенін, әлі күнге дейін араласып тұратынын, бір-бірінің той-жиынынан қалмайтынын естідім, — дейді Абай.

Фото жеке архивінен

Абайдың кино әлемінде жүргеніне бес жыл болды. Сол себепті бұл фильмдегі образы оның алғашқы тәжірибесі емес. Бұған дейін ол талай фильмге түсіп үлгерген. Десе де актер «Жаралы сезім — 2» фильмінен көп үміт күтетінін айтады.

Қазақ еліне танылған, маған қазақ киносының есігін ашқан фильм болғандықтан үмітім көп. Фильм сапасы салыстырмалы түрде нашарлау болуы мүмкін, бірақ сценариі жақсы жазылған, — дейді ол.

Абай Мәжит. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Актер «Жаралы сезім — 2» фильміндегі образынан кейін басқа фильмдерге түсуге шақыру алады деп сенеді. Болашақта ол экшн, криминал, шытырман оқиғаға толы жанрдағы кинотуындыларға түскісі келетінін айтты.

Арайлым Мұратбек