Былтыр “Қазақстан темір жолы” қызметкерлерінің жалақысы 20%-ке көтерілді. Бүгінгі таңда компанияның қызметкерлерінің орташа жалақысы республикалық деңгейден 26%-ке асып түсті.
Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанның барлық өңірінде филиалдық желісі бар компанияда 110 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
2023 жылы қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту бойынша ауқымды іс-шаралар өткізілді. 228 ғимарат, 467 үй-жай және локомотив бригадаларының 37 демалыс үйі жөнделді. Желілік қызметкерлерді жұмыс орнына жеткізу үшін 384 көлік сатып алынды. Сонымен қатар шалғайдағы станцияларға шығатын теміржолшылардың толыққанды демалуына барлық қажет жабдықтары (душ кабиналары, тұрмыстық техника, жиһаз, ыдыс-аяқ және т.б.) бар 132 модульдік ғимарат орнатылды. Ғимараттарға барлық қажет инженерлік коммуникациялар қосылған. 2024 жылы 120-дан астам модульдік ғимарат орнату жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар 2024 жылдың негізгі міндеттерінің бірі – тасымалдау көлемін ұлғайту және транзитті дамыту, цифрландыру бағдарламаларын іске асыру, теміржол инфрақұрылымы мен жылжымалы құрамды жаңарту.
2023 жылдың қорытындысы бойынша компанияда өндірістік және қаржылық көрсеткіштер өсімінің оң қарқыны байқалды. Жүк айналымы 270 миллиард тоннаға жетіп, былтырға қарағанда 7%-ке өсті, — делінген хабарламада.
Қазақстан мен Қытай темір жолдары арасындағы жүктерді тасымалдау көлемі 22%-ке өсіп, 28 миллион тоннаға жетті.