22 қаңтардан 23-іне қараған түні сағат 00:09-да Алматыда жер сілкінді. Қала тұрғындары қауіпсіз жерге өз бетімен эвуакациялана бастады. Baribar.kz редакциясы сол түні Алматы тұрғындарымен тілдесіп, олардың жай-күйін біліп қайтты.

«Алматыда жер бұдан қатты сілкінсе, үлкен апат болады екен»

Жандарбек Премьера тұрғын үй кешеніндегі 16-қабатты үйдің 14-қабатында тұрады. Жер сілкінгенде үйде әйелі екеуі болған. Олар кір жуып жатқан кіржуғыш машинаны өшіріп, тоқтарды суырып, су алып, далаға шыққан.

Алматы, жер сілкінді
Жандарбек Жұмағұлов. Фото: Наргиза Аршидин

Жер сілкінгенде төсек, шам, жиналмалы үстел қималдады. Бір кезде үйдің шайқалып тұрғанын сездік. Кішкене тоқтағанын күттік, кейін далаға шықтық. Сасқанымыздан лифтіге мініп алыппыз, дегенмен жолымыз болып, аман түстік, – дейді ол.

Бір апта бұрын Жандарбек үйдің есігінде жабыстырылып тұрған ескертпеге көзі түскенін айтады. Онда жер сілкінісі кезінде ең қауіпсіз аймақтың бірі мектеп екенін оқыған. Сол ақпар бірден есіне түсіп, әйелімен бірге жақын маңдағы мекемеге барған.

Жандарбек биік ғимараттың үстіңгі қабатында орналасқан пәтерін ипотекаға алған. Қазір сол үйіне кіруге қорқып тұр. Алматыдағы үйлерге сенімі азайғанын айтады.

Мұндай көрсеткіштегі жер сілкінісін бірінші рет басымнан өткердім. Жоғарғы қабаттан пәтер алғаныма сәл өкіндім. «Алматыда тұрған дұрыс па, дұрыс емес пе?» деп те ойланып қалдым. Біздің үйлердің арасы өте тығыз орналасқан, қауіпсіздік талаптары сақталмаған, автотұрақ та жоқ. Алматыны жақсы көрем, бірақ қауіпсіздік бірінші орында ғой. Бұдан да қатты жер сілкінісіне Алматы дайын емес екенін, үлкен апат болатынын, біздің қауіпсіздігімізге кепіл жоқ екенін түсіндім, – дейді Жандарбек.

«93-тегі апамызды 5-қабаттан көтеріп түстік»

Бақыт – Наурызбай ауданының тұрғыны. Алма сити-3 тұрғын үй кешенінде тұрады. Жер сілкінгенде оларға қауіпсіз жерге, далаға шығу қиынға соққан. Өйткені үйде 93 жастағы төсек тартып жатқан әжесі болған.

Пәтеріміз 5-қабатта. Үйде бала-шаға, апамыз, немерелер – бәріміз болғанбыз. 93-тегі апамызды немерелерім көтеріп алып шықты. Басында көлікте отырдық, онда апамыз қиналып қалды. Сөйтіп жақын маңдағы мектептің біріне келдік, – дейді ол.

Фото: Наргиза Аршидин

Бұл отбасы мүшелері жер сілкінгенінен қатты қорқып қалған. Апа мектептің кіреберіс есігінен алыс жаққа барғысы да, диванға жатқысы да келмеді.

Апамыз ғана емес, өзімізде қорқып қалдық. Қазір құсқым келіп, басым айналып отыр, – дейді БақЫт ханым.

Фото: Наргиза Аршидин

«Бүгін үйге қонбаймын»

27 жастағы Азамат Алматыдағы көппәтерлі үйдің 7-қабатында тұрады. Жер сілкінген уақытта ол үйде ұйықтап жатқан. Кенет оянып, сыртқа атып  шыққан. Азаматтың көлігі жоқ. Күн қатты суық болғаннан қатты жаурап қалған.

Ауладағы адамдардың көлігінде отырып жылынып алдым. Дегенмен олар басқа жаққа кететінін айтты. Қайта далада қалдым. Сол кезде танысым мектепке бар деді. Қазір 174-мектептемін. Осында қонамын. Үйге бармаймын, – дейді Азамат.

Алматы, жер сілкінісі
Фото: Наргиза Аршидин

«Бірден әпкемнің жер үйіне кеттім»

Ернұр Бақберген — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенті. Жер сілкінгенде 5-жатақханада болған. Оның айтуынша, жатақханадағы студенттің бәрі далаға шыққан. Арасында шоктан талып қалғандар болған.

Желіде біздің университеттің бір қабырғасы құлап, төрт студенттің қалып қалғаны туралы ақпарат тарады. Бұл – жалған дерек. Университеттегі үш қыз қатты шошып, талып қалыпты. Соған жедел жәрдем келді. Өзім Алматы арена жақтағы әпкемнің жер үйіне кетіп қалдым, – дейді Ернұр.

Фото: Ернұр Бақберген

***

Тағы оқыңыз:

Жер сілкінгенде әр адам білуі керек қарапайым амалдар