Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері аталды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшерін жариялады.

Ведомство мәліметінше, 2023 жылы республикалық бюджеттен 2,3 миллион адамға 3,3 триллион теңгеден аса сомаға зейнетақы төленген, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 1 триллион 16,6 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 триллион 297,4 миллиард теңге бөлінген.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеу шеңберінде ынтымақты зейнетақы өсімі 10,5% (инфляция деңгейінен 2%-ке ілгерілеп) болды. Сонымен қатар ең төмен күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері ұлғайтылды. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 744 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 82 868 теңге, базалық зейнетақы – 37 876 теңге, — делінген хабарламада.

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, еліміздегі зейнеткерлер саны 2 миллион 344 мың адам болған.

«2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес ынтымақты зейнетақы мөлшері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9%-ке өскен.

Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жиынтық зейнетақының ең төмен мөлшері 77 417 теңгеден (2023 жылы) 86 068 теңгеге дейін ұлғайтылды, — делінген хабарламада.