Басты бетЖаңалықтарАжар Ғиният:...

Ажар Ғиният: 3 облыста қызылша ауруы әлі бәсеңдемей тұр

Еліміздің үш облысында қызылша жұқтырғандар саны азаймай тұр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. 

Республика бойынша қызылшамен ауыру көрсеткіші 11%-ке төмендеген. 10 өңірде үш апта бойы ауру жұқтырғандар саны азайып келеді. Ал жеті өңірде жағдайдың тұрақталғаны байқалып отыр. Алайда Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстарында қызылшамен сырқаттанушылық бойынша жағдай қолайсыз. Осы өңірлерде халықты қосымша вакцинамен қамту деңгейі республикадағы көрсеткіштен төмен, — деді Ажар Ғиният мәжіліс кулуарында.

Бұған дейін премьер-министр Әлихан Смайылов елімізде қызылшамен ауырғандар саны кейінгі 10 жылда болмаған көрсеткішке жеткенін мәлімдеді. Инфекция жұқтырғандардың 80%-ке жуығы – 14 жасқа толмаған балалар. Ауырғандардың көпшілігі – қызылшаға қарсы екпе алмағандар.

Қызылшаға қарсы жаппай вакциналау үшін қосымша 1,5 миллион доза вакцина сатып алынды. Осы мақсатқа үкімет былтыр резервтен 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген болатын.