Президент Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысына Түркістан облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақтың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика байқалады.
Атап айтқанда, өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,5% өсіп, 1 триллион теңгеден асқан. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін жалпы сомасы 30,2 миллиард теңге болатын 20 жоба іске қосылып, 594 жаңа жұмыс орны ашылған;
Алдағы бес жылда өңірдің өз кірісін 100 миллиард теңгеге арттыру жоспарланып отыр. Алдын ала есеп бойынша былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 3,8 триллион теңге болған.
Ал ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 1,1 триллион теңгені құраған. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр.
Саланы әртараптандыру нәтижесінде 3,3 миллион тонна көкөніс, бақша өнімдері жиналды. Бұл — рекордтық көрсеткіш.
Ауыл шаруашылығында өнім көлемін арттыруға, суды үнемдеуге ықпал ететін жаңа әдіс-тәсілдер мен технологиялар енгізіліп жатыр.
Облыстағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 211 мыңға жетіп, 1,6 триллион теңгенің өнімі өндірілген.
Облыста жалпы сомасы 407,5 миллиард теңге болатын құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 898,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Үш мыңға жуық отбасы баспаналы болды.
Былтыр бюджет есебінен 35 мектептің құрылысы жүргізіліп, 20 мектеп ашылды.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста үш жыл ішінде 49 мың оқушыға арналған 63 мектеп салынады.
Өткен жылы облыстағы 20 елдімекенге жаңадан ауызсу құбыры тартылды. Тоғыз ауылдағы ескірген су тарту жүйелері жаңартылды.
62 газбен қамту нысанының құрылысы аяқталып, 48 елдімекенге көгілдір отын жеткізілді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірдің экономикалық жағдайын жақсарту жөнінде берген тапсырмаларын жүйелі әрі сапалы орындау қажет екенін айтты.
Сонымен қатар Түркістан өңірін дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.