Қазақстанда 2019 жылы мемлекетті 30 жылдан аса басқарған президенттік билік алмасты.
Тәуелсіздіктен кейінгі ұзақ жылдарда билікте өзгерістің болмауы — елімізді авторитарлы билік формасына алып келді. Сондықтан адам құқы мен демократиялық дамуда авторитарлық билікке тән барлық сипаттар орын алды. Осы уақытқа дейін мемлекетте сыбайласқан коррупциялық жүйе күшіне еніп, ол барлық мемлекеттік құрылымды өзіне бағындырды.
Осындай күрделі кезеңде жаңа сайланған президенттің алдында мемлекет басқару жүйесін демократияландыру, адам құқының шиеленісті мәселелері, гендерлік саясатты дамыту, қоғамның беленділігін арттыру және т.с.с. өте күрделі сұрақтар туындады.
Ондаған жылдар бойы әбден нығайып, күшіне еніп алған ескі жүйе бұған толығымен қарсы шыға бастады. Бұл процесс «қосарланған билік» түрінде 2021 жылдың соңына дейін жалғасып, ақыры 2022 жылғы қаңтар айының 4,5,6,7 күндері орын алған мемлекеттік төңкеріс әрекетіне ұласты.
Сондықтан, елдегі саяси жағдай мен демократияландыру процестері осындай күрделі, ескі мен жаңаның революциялық күресі жағдайында өтіп жатқандықтан, HRW дайындаған баяндамаға толық сәйкес келмейтіні рас. HRW қалыпты жағдайдағы демократиялық стандарттарды басшылыққа алып, сол негізде қорытынды шығарады.
Ал, Қазақстан болса дәл сол кезде «билік трансформациясын» бастан кешіп жатқан еді.
Мысалы, 2019 жылдың көктемінен кейін Қазақстанда сайлау туралы, митиңдер өткізу туралы заңдар демократияланды. Алайда, өкініше қарай, әлі де қауіпсіздәк кеңесі арқылы барлық күштік құрылымдарды қолында ұстап қалған ескі билік жаңа биліктің бұл қадамдарына байкот жариялап, астыртын түрде антидемократиялық әрекеттерді күшейте түсті.
Демократиялық өзгерістерге сеніп, еркін митиңге шыққандарды бұрынғыдан бетер қудалау басталды. Президент жарлықтарына үнсіз қарсылық күшейе түсті. Мұның бәрі бір мақсатта жасалғаны қазір белгілі болды. Ол — қоғамдағы демократия бастауын тұншықтыру, президенттің халықаралық беделіне нұсқан келтіре отырып, әлемдік қауымдастықты және Қазақстан халқының алдында Қ.К.Тоқаев бейнесіндегі «неодиктатор» образын қалыптастыру. Сөйтіп, олардың түпкілікті мақсаты халықтың наразылығын өршіте отырып, сол арқылы бұрынғы олигаполиялық клан билігін тез қалпына келтіру болғаны бүгінде анықталды.
Дәл осы кұрделі жағдайды Қазақстан билігі бақылап отырса да, еліміздегі авторитарлық заңнама жүйесі нақты кінәлі адамдарды орнынан алуға, оларды қудалауға не жазалауға мүмкіндік бермес еді. Керек десек, оның өзі «адам құқын бұзушы», ескі билікті қайтаруды көздеуші шенеунік не күштік құрылым өкілдері тарапынан «адам құқын бұзушылық» болып саналып , олар оны әлемге жар салуға даяр болды. Оның үстіне, Қазақстанға бір сәтте өзінің барлық мемлекеттік басқару институтынан бас тарту да қауіпті болды. Жаңа билік басқару жүйесін эволюциялық жолмен алмастыруды, жетілдіруді көздейтінін бірден мәлім еткен болатын. Өкінішке қарай, бұрынғы кландық жүйе ондай қадамға баруға мүдделі еместігін көрсетіп, қалай да Жаңа Қазақстан деп аталған мемлекеттік басқару жүйесін қиратуды көздеді. Ендеше, мұндай «мемлекеттік төңкеріс» қаупі төнген жағдайда, мемлекет демократияны қорғау үшін де өзінің құқықтық заңдық нормаларын қатайтуға мәжбүр болды. Қазақстан халқы оны толықтай түсіністікпен қабылдады.
Сондықтан, біз еліміздегі адам құқы мен демократия туралы бағалағанда, осы объективті жағдайдың барлығы ескеріліп, абстрактілі «адам құқы» ғана емес, Қазақстандағы жағдайды мемлекет азаматтары мен тәуелсіз, демократиялық мемлекетінің мүддесі тұрғысынан бағалау дұрыс болады деп санаймыз.
Нұргелді Әбдіғаниұлы