Тоқаев: Біз демократиялық өзгерістердің жаңа дәуіріне өттік

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады. 

Ақорда резиденциясында 10 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.

Сенім грамоталарын Куба елшісі Оскар Сантана Леон (резиденциясы Нұр-Сұлтанда), Бангладеш елшісі Камрул Ахсан, Доминикан Республикасының елшісі Франк Ганс Данненберг Кастельянос, Аргентина елшісі Эдуардо Антонио Зуайн, Перу елшісі Хуан Хенаро дель Кампо Родригес, Нигерия елшісі Якубу Сантураки Сулейман, Лаос елшісі Вилаван Йиапохэ, Чад елшісі Адам Бешир Махамуд, Руанда елшісі Фиделис Нтампака Миронко, Бенин елшісі Акамби Андре Окунлола-Биау тапсырды.

Тоқаев
Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми басталуымен құттықтап, еліміздегі игі міндеттерін орындау барысында оларға президент әкімшілігі мен Қазақстан үкіметі тарапы жан-жақты қолдау көрсететінін және көмектесетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әлемнің соңғы отыз жыл ішінде ең күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуалды бастан өткеріп отырғанын айтты. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясы елдеріміз үшін айтарлықтай сынақ болды. Сонымен қатар халықаралық қатынастардағы ахуалдың шиеленісуі әлемнің дамуына кері әсер етіп отыр. Осыған байланысты Қазақстан президенті қақтығыстардың БҰҰ жарғысына сәйкес тезірек және әділ реттелетініне сенімді екенін жеткізді.

Тоқаев
Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысы көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.

Біз демократиялық өзгерістердің жаңа дәуіріне өткенімізді жариялап, мемлекеттік билікті бұрын-соңды болмаған орталықсыздандыруға, үйлесімді және тепе-теңдік жүйесін нығайтуға кірістік, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік инвесторлар мен сауда жөніндегі серіктестердің Қазақстан экономикасына деген сенімін нығайтуға баса мән берілетініне тоқталды.

Біздің үкімет ұлттық экономиканың ашықтығына, келісімшарттарға қол сұғылмауына және жемқорлықпен аяусыз күреске бейілділігін сақтайды. Бұл реформалар халқымыздың тарихындағы бетбұрыс кезеңді білдіреді. Біз тұралап қалу емес, қарқынды даму жолын таңдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент шын мәнінде бәсекеге қабілетті, демократиялық және әлеуметтік мемлекет құру үшін әлемнің барлық елімен өзара тиімді әрі достық қарым-қатынастарды нығайтуға ниетті екенімізді айтты.

Рәсім соңында мемлекет басшысы дипломаттарға табыс тілеп, олардың мемлекеттерінің басшыларына жүрекжарды сәлемін жолдады. Сонымен қатар жиынға қатысушыларды қасиетті Рамазан айымен, Пасха мерекесімен және Лаос Жаңа жылымен құттықтады.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз