Заңсыз берілген және пайдаланылмаған 10 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Оның 2,8 миллион гектары жергілікті фермерлерге, өңірлердің тұрғындарына қайта бөлінді. Бұдан бөлек, осыған дейін пайдаланылмаған 3,4 миллион гектар жерді иелері игеруге кірісті.
Президент жолдауында заңсыз үлестірілген және пайдаланылмай бос жатқан 10 миллион гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берген болатын. Үкімет бұл тапсырманы 2022-2023 жылдары толық орындады, — делінген хабарламада.
2023 жылы интерактивті карта жаңартылды Jerkarta.gharysh.kz, онда қазір барлық қайтарылған ауылшаруашылық жерлерінің орналасқан жері мен ауданы көрсетілген.
Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда жер учаскелерін берудің электрондық тәртібі заңнамалық түрде енгізілді.
Цифрлық ауыл шаруашылығы карталары жасалып жатыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 145 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері цифрландырылды, бұл еліміздің ауыл шаруашылығы алқаптарының 77% құрайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыруды толығымен 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.