Былтыр елімізде 29 648 Қазақстан азаматы қызылша жұқтырған, оның 80%-і — 14 жасқа толмаған балалар. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Министр кейінгі 15 жылдың ішінде республикада үш рет қызылша ауруы өршігенін еске салды. Аурудың кезекті ушығуы 2023 жылы басталды.
2023 жылдың соңында елде қызылшаның 29 648 дерегі тіркелді, оның 80%-і — 14 жасқа дейінгі балалар. Биыл 1 қаңтардан бері 1 674 адам қызылша жұқтырды, — деді Ажар Ғиният үкімет отырысында.
Оның айтуынша, желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда 11 өңірде сырқаттану көрсеткіші өскен. Алты өңірде – Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан Қарағанды, Жетісу, Түркістан облыстарында аурудың тұрақталғаны байқалды. Ал үш өңірде – Шымкент қаласы Жамбыл және Ұлытау облыстарында инфекция жұқтыру деңгейі төмендеген.
Қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру үшін былтыр осы ауруға қарсы жоспарлы вакцинациялау жүрді. Бір жастағы және алты жастағы 700 мыңға жуық балаға вакцина егілді.
Қыркүйекте үкімет резервінен қаражат бөлініп, қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның 1,5 миллион дозасы сатып алынды. Қараша айынан бастап бұл инфекцияларға қарсы қосымша вакцинациялау жүріп жатыр.