2024 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде полицияның және соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыруды ресімдей алады. Бұл үшін мемлекет «Еурохаттама» арнайы мобайл қолданбасын әзірледі.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Қолданбаның көмегімен жүргізушілер өздері жол-көлік оқиғалары фактісін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.
«Еурохаттама» арқылы жол-көлік оқиғаларын ресімдеудің міндетті үш шарты бар:
1) Жол-көлік оқиғасына екі көлік құралы ғана қатысқан кезде;
2) Жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Сонымен қатар кім кінәлі, ал кім зардап шегуші екенінде келіспеушіліктер болмаған кезде;
3) Апат салдарынан денсаулыққа залал келтірілмесе, ал көлікке келтірілген шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол 369 мың теңге.
Осындай тәртіпте жол-көлік оқиғасын ресімдеу үшін мобайл телефонға «Еурохаттама» қолданбасын қосып алып, тіркелу рәсімін жүргізіп, оқиғаның фото және бейнематериалдарын салу керек. Қолданбаны тиімді пайдалану мақсатында жол-көлік оқиғасының қатысушылары жақын жердегі полиция нарядына жүгіне алады, олар оны пайдалану кезінде көмек көрсетеді.
«Еурохаттаманың» артықшылығы неде?
Біріншіден. Азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғаларын ресімдеу үшін полицияны күтпейді, осылайша жолдардағы кептеліс жағдайлары төмендейді.
Екіншіден. Жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Үшіншіден. Сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Егер бұрын осының бәрі 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді.
Жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын сақтауға және жол-көлік оқиғаларын болдырмауға шақырамыз, – деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуаныш Тілекбаев.