Былтыр еліміздегі әлеуметтік, экономикалық, саяси және тағы басқа жағдайға қатысты біраз заң қабылданды. Үкімет оның көбі 2024 жылдан басталатынын мәлімдеген еді. Биыл елде не өзгереді? Baribar.kz шолып шықты.

Жалақы, зейнетақы, АЕК өседі

Биылдан бастап елдегі жалақы, зейнетақы және олардың ең төменгі мөлшері өседі:

Ең төменгі айлық жалақы — 85 000 теңге;
Ең төменгі зейнетақы —  57 853 теңге;
Ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі —  28 215 теңге;
Ең төменгі күнкөріс деңгейі — 43 407 теңге;
Бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге болды. Бұған дейін 1 АЕК 3 450 теңге еді.

Қаржы сауаты, несие, микронесие, кредит, банк картасы
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Жәрдемақы өседі

1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері өседі. Ол былай өзгереді:
— Бір, екі, үш бала туғанда берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге;
— Төрт және одан көп бала туғанда берілетін жәрдемақы 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге өседі.

Бала санына қарай көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы:
— Төрт баласы бар отбасыларға берілетін сома 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге;
— 10 баласы бар отбасыларға берілетін сома 38 000 теңгеден 147 680 теңгеге өседі.

Мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы:
— I топ – 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге;
— II топ – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге;
— III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге көтеріледі.

отбасы, әлеуметтік көмек, жәрдемақы
Иллюстрация: Dribbble.com/©Olga Semkło

Ұлттық қор балалардың шотына ақша аударады

2024 жылдан бастап елде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылады. Оның аясында жыл сайын балалардың арнайы шотына ақша аударылып тұрады. Бағдарламаға 18 жасқа толмаған, Қазақстан азаматы болып саналатын балалар қатыса алады. Олар ақшаны кәмелет жасына толған соң ғана ала алады. Қаражатты екі мақсатта жұмсауға болады: ел аумағында баспана алу немесе тұрғын үйін жақсарту және Қазақстан, шетел университеттерінде білім алу. 18 жасқа толған бала ақшаны 10 жыл ішінде қолдана алады. Бұл уақыт аралығында оны жұмсамаса, қаржы автомат түрде оның зейнетақы шотына аударылады.

Үкіметтің мәліметі бойынша, бала 18 жасқа толғанға дейін оның шотына шамамен 3 000 АҚШ доллары жиналуға тиіс.

Баланың құжаттары мемлекеттік дерекқорға дұрыс енгізілсе, оның шоты автомат түрде ашылып, ақша аударылады. Бірақ ата-ана Электронды үкімет порталындағы жеке кабинетіне кіріп, «Балалар туралы мәліметтер» бөлімінде балалары туралы мәліметтің бар-жоғын тексеруі керек. Болмаған жағдайда, баласы туралы мәліметті порталға енгізуі керек.

ақша, "Ұлттық қор - балаларға", Ұлттық қор
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Зиян ортада істейтін жұмыскерлерге арнайы әлеуметтік төлем беріледі

Биылдан бастап зиян ортада істейтін жұмыскерлерге арнайы әлеуметтік төлем беріледі. Олардың қатарына кеншілер де кіреді. Мұндай төлемді алу үшін қызметкер 55 жастан асуы керек және жеті жыл міндетті зейнетақы жарнасы шотына аударылып тұруға тиіс. Қазір елімізде осы санаттағы 37 мың адам бар. Оларға жаңа жылдан бастап ай сайын 208 мың теңге төлем беріледі.

шахта, шахтер, каска
Фото: shutterstock.com

Балалардың төлқұжаты екі есе арзандады

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда балалардың төлқұжаты екі есе арзандады. Бұл — халықтың көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіруге байланысты қабылданған норма. Енді 16 жасқа дейінгі балаларға берілетін 22 беттік төлқұжат 4 АЕК (1 АЕК — 3 692 теңге), 36 беттен тұратын төлқұжат 8 АЕК, 48 беттік төлқұжат 12 АЕК болды.

«Жеке басты куәландыратын құжаттар» заңы бойынша, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты 10 жыл қолдануға беріледі. Халықаралық тәжірибені және балалардың келбеті тез өзгеретінін ескеріп, 12 жасқа дейінгі балаларға төлқұжат 5 жылға беріледі. 12 жастан асқандарға 16 жасқа дейінгі мерзімге беріледі. Одан әрі төлқұжат пен жеке куәлік 10 жылға жарамды болып қала береді.

Төлқұжат паспорт
Фото: Тұрар Қазанғапов, Tengrinews.kz

Жұмыс берушілер қызметкерлеріне өз есебінен зейнетақы жарнасын аударады

Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкерлері үшін қосымша міндетті зейнетақы жарналарын аударады. Бірінші жылы зейнетақы жарнасының мөлшері жалақының 1,5%-іне тең болады. 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен 5%-ке дейін көтеріледі:

2024 жылы – 1,5%;
2025 жылы – 2,5%;
2026 жылы – 3,5%;
2027 жылы – 4,5%;
2028 жылы – 5,0%.

Қаржы сауаты, несие, микронесие, кредит, банк картасы
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Уақыт белдеуі өзгереді

2024 жылғы наурыздан бастап Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі. Енді елде тек 5-сағаттық белдеу қолданылады. Осыған байланысты бірнеше өңір жергілікті уақытты бір сағатқа артқа жылжытады.

Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдігі 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа ауыстырсын, — делінген құжатта.

сағат
Фото: Maginarius.ru

9-20-25 бағдарламасы іске қосылады

Биылдан бастап Қазақстанда “9-20-25” ипотека бағдарламасы іске қосылады. Оны «Отбасы банк» пен Бәйтерек холдиңі бірлесіп әзірледі. Бағдарлама негізінен жастарға арналған. Несие мөлшерлемесі – 9%. Азаматтар пәтер алу үшін бастапқы жарна ретінде жалпы соманың 20%-ін төлеуі керек. Қалғанын банк қарыз етіп береді. Оны 25 жылға бөліп төлеуге болады. Бағдарламаға жыл сайын 150 миллиард теңге бөлінеді. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, бағдарлама арқылы 8 мың отбасы баспаналы болады.

тұрғын үй, ипотека
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Азаматтар ерікті түрде саусақ ізін тапсырады

Алғашында Қазақстан азаматтары жеке куәлігін және төлқұжатын рәсімдегенде саусақ ізі беруге міндеттелетіні айтылған. Дегенмен кейін бұл заң жобасы өзгерді. Енді азаматтар жеке басын куәландыратын құжаттарын жасағанда саусақ ізін ерікті түрде тапсыра алады. Дактилоскопиялық тіркеу шетелдіктерге ғана міндетті болады.

Саусақ ізі
Фото: Sputnik/Владислав Воднев

Жүргізушілер газ арқылы жүретін көлігіне арнайы белгі жабыстырады

Биылдан бастап азаматтар көлігі газбаллон арқылы жүрсе, оған арнайы белгіні жабыстыруға міндетті. Үшбұрыш белгінің түсі сары, жиегі қара және ішінде GAS деген жазуы бар.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаевтың айтуынша, бұл — қауіпсіздік шарасы. Себебі газ арқылы жүретін көліктерді жабық тұрақтарға қоюға болмайды. Мұндай көліктерге арнайы белгі жабыстырылса, оларды анықтауға және жабық тұраққа кіргізуге тыйым салу жеңілдейді.

белгі
Арнайы белгі. Фото: Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі

Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды

1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Бұл жолы жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшылары, заңды тұлғалар және олардың жұбайлары елдегі және шетелдегі мүлкін жария етуі керек.

Алматы, ғимарат, үй, жылжымайтын мүлік
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Түркістан — Әбу Даби әуе рейсі іске қосылады

2024 жылғы 16 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары Түркістаннан Әбу-Дабиге ұша алады. Әуе рейсін Wizz Air Abu Dhabi әуекомпаниясы орындайды. Азаматтар екі қала арасында AirBus 321 ұшағы арқылы аптасына үш рет — сейсенбіде, бейсенбіде, сенбіде ұшады.

ұшақ, эйр астана, Air Astana
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақстан спортшылары жаздық Олимпиадаға қатысады

2024 жылғы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өтетін жаздық Олимпиадаға Қазақстан спортшылары қатысады. Олар спорттың 20 түрінен сайысқа түсуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде Қазақстан спортшылары сегіз спорт түрі бойынша 17 лицензия алып үлгерді.

Жаздық олимпиада — төрт жылда бір рет өтетін халықаралық спорт жарысы. Оған 205 мемлекет қатысады.

Спорт, олимпиада, жарыс
Фото: Бақдәулет Әбдуалы