Елімізде қызылшаның таралуына қарсы тиімді күрес мақсатында халықты қосымша жаппай иммундау аясында вакцинациялауға жататын 1,5 миллион адамның 608 мыңнан астамы вакцина алды.
Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.
Күн сайын 30 мыңнан астам адамға екпе егіледі. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда, тұрақтандыру бойынша барлық шара қабылданып жатыр, — делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялау жалғасып жатыр. Жыл сайын 1 және 6 жастағы 700 мыңға жуық бала егіледі.
Сонымен қатар эпидемиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Бұрын вакцина алмаған және одан бас тартқан 133,3 мыңнан астам адам егілді.
Қызылша және басқа да вакцинамен басқарылатын инфекциялардың профилактикасында вакцинацияның маңызы туралы халықпен ақпараттық жұмыс жалғасып жатыр.
Қабылданған шаралардың арқасында қазіргі уақытта еліміздің көптеген өңірінде қосымша иммундаудың оң динамикасы байқалады. Мәселен, Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, Абай, Ұлытау облыстарында кейінгі аптада қызылшадан қорғау мақсатында өз балаларын вакцинациялауда халықтың белсенділігі артқан, — дейді комитеттегілер.