Басты бетЖаңалықтарҚазақстан мен...

Қазақстан мен Қытай су бөлу мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қытаймен су бөлу мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қытаймен 20-дан астам өзен бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Оның ішінде үш ірі трансшекаралық өзен: Ертіс, Іле және Емел бар, — делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда қос мемлекет арасында су бөлу мәселесі бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Қазақстанның мүддесін жұмыс тобына кіретін 20 адам құрайды.

Бүгінде тараптар су бөлу мәселесі бойынша келісімнің бірқатар бабы бойынша ортақ шешімге келді.

Қазақстан мен Қытайға ортақ Қорғас өзені бар. Екі мемлекетті бөліп ағатын өзеннің бойында Қытаймен бірлесіп ортақ гидротехникалық нысан салдық. Оның жұмысы 100% автоматтандырылған және шлюздері су шекара сызығының екі жағына бірдей ағатындай етіп жасалған, — деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Оның айтуынша, бір тарап шлюзді көбірек немесе азырақ ашқысы келсе, екінші жағына да автоматты түрде тура сондай көлемде су ағады.