Бір жылда екі мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген

Түркістан қаласында қылмысты азайту жолында ішкі істер саласына мемлекет тарапынан көптеген міндеттер жүктеліп, тиісінше жағдай да жасалынып жатыр.

Осы ретте мәселені оңтайландыру және қылмыстың алдын алу бағытында саладағы ардагерлер де өз үлесін қосуда. Сонымен бірге, қоғамдық ұйым өкілдері де бұл мәселеден алыс емес екенін айта кеткен жөн. Тарқатып өтер болсақ, Түркістан облыстық Полиция департаменті жанындағы «Консультативті кеңесші орган» деп аталатын ұйым бар. Бүгінде аталмыш ұйымға есімі Түркістан қаласының тұрғындарына кеңінен таныс ҚР Ішкі істер органының ардагері, полиция полковнигі Мұхтар Ермеков төрағалық етеді.

Аталмыш орган таяуда өткізген отырысында бірінші «Бөтеннің мүлкін ұрлау» және «Интернет алаяқтық», екінші Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің жұмысын сервистік модельге көшіру және сервистік полицияны құру аясында іске асырылатын жобалар жөніндегі мәселелерді күн тәртібіне қойды. Айта кетейік кеңесші орган мүшелері облыс аумағымен қатар Түркістан қаласындағы қылмыстық ахуалды назарынан тыс қалдырмайды.

Бірінші тақырып бойынша баяндама жасаған криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Сұлтанбек Үсіпбеков өңірдегі біраз мәселелерді статистикалық деректермен баяндады. Соның ішінде негізгі дегендеріне тоқталсақ, соңғы үш жылда бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарының саны азайып, биылғы 8 айда оның үлесі 26 пайызды құраған.Сол сияқты пәтер ұрлығы қылмыстарының ашылу көрсеткіші 56,4-тен 72,8-ге жақсарған. Жаға ұстатарлық жағдай осы жылы пәтер ұрлығын отбасылық кәсіпке айналдырған қылмыстық топ құрықталған. Оңай жерден олжа іздеген жанұя мүшелерінің соңғы үш жыл ішінде 70 дерек пәтер ұрлығы қылмыстарына қатыстылығы анықталған. Баяндамашы қылмыс санының азаюына бейнекамералардың, ал мал ұрлығының төмендеуіне заманауи құрылғылардың   яғни, микрочип малдың терісіне орнатылып, сол арқылы үй жануарларының қай аймақта жүргенін иесі спутник арқылы бақылауға қол жеткізу  септігін тигізіп жатқанын айтып өтті. Десе де бұл құрылғы мал ұстағандардың  барлығына бірдей қолжетімді емес. Себебі, микрочиптің бір данасының бағасы 100 мың теңге көлемінде.Сондай-ақ, Сұлтанбек Асанұлы өз сөзінде мал ұстаушылардың жауапкершілігін арттыру үшін атқарушы органдар тарапынан бірқатар қолдаулардың қажет екенін де жеткізді. Соның ішіндегі негізгі мәселе ауыл-аймақтарда иесіз жүрген малды уақытша ұстайтын оқшаулау орындарының жеткіліксіздігі аталған мәселенің алдын алуға қолбайлау болатын жайлардың бірі екенін алға тартады. Себебі, иесіз жүрген малды ұрлаудан басқа, үлкен даңғыл жолдарға шығып қайғылы жол-көлік оқиғаларына әкеліп соқтыратыны сөз болды. Сондықтан, әр ауылда малды оқшаулау орындарының тезірек  салынуы көптеген мәселелердің алдын алуға оң ықпал ететінін жете түсінген жөн», дейді тәртіп сақшысы.

Бүгінгі таңда өзектілігі кезек күттірмей тұрған интернет алаяқтығы қылмыстары полиция қызметкерлерін де бейжай қалдырып отырған жоқ. Өкінішке орай, соңғы үш жылда ғаламтор желісі арқылы жасалған алаяқтық қылмысы күн өткен сайын арта түспесе кемитін түрі жоқ. Статистикаға жүгінсек, 2020 жылдан бері осы қылмыс түрінің жыл сайынғы өсу көрсеткіші 10 пайыздың төңірегінде.  Бұл еліміздегі жалпы тәртіп сақшыларын алаңдадатын жағдай. Сол себепті әрбір азамат осы мәселеге барынша ұқыптылық танытып, алаяқтардың арбауына түспеудің амалын қарастыруы тиіс. Ол үшін баяндамада көрсетілгендей облыс аумағында қылмыстың ең көп тіркелген түрі – сізбен телефон арқылы банк қызметкері ретінде танысып, несие рәсімдеу (117 дерек), тауарларға, қызметтерге алдын ала төлем жасауды сұрану (89 дерек), ойындарға ақша салу арқылы табысын еселеуге қызықтыру (45 дерек) жағдайлары болып табылады. Сақтықта – қорлық жоқ. Телефон тұтқасының арғы жағындағы белгісіз азаматтың сөзіне негізсіз сенім арту күтпеген жерден тақырға отыруыңызға апаратын бірден-бір жол екенін ұмытпаңыз, қадірлі оқырман! Жәбірленушілердің дені, статистикаға сәйкес егде жастағы азаматтар екен. Өзі танымайтын адамды өзіндей көріп, оған сенім артуының салдарынан сан соғып қалған.

Күн тәртібіндегі екенші мәселе де қоғамдағы өзекті жайлардың бірі. Бұл жөнінде мемлекет деңгейінде азаматтар санасына полицейлер жазалаушы орган емес, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік қалыптастыруға бағытталған бастама аясында «Сервистік полиция» яғни, халыққа жақын полиция қағидатын іске асыру бойынша пилоттық жоба қолға алынған болатын. Осыған орай, өткен жылдың соңында Түркістан облысы әкімдігі жанынан сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ құрылған. Топтың міндеті қоғамдық қауіпсіздік проблемаларын егжей-тегжейлі зерделеу мен оларды жоюдың тиімді тетіктерін әзірлеу. Міне, осы мақсатта жауапты өкілдер тарапынан бірқатар жұмыстар жүргізілген. Бұл жөнінде баяндама жасаған жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асылхан Төреханов өз сөзінде аталмыш бағыттағы жұмыстарды жүйелеп талдау жасады. Оның ішінде соңғы жылдардағы барлық деңгейдегі құқықбұзушылықтар сараланып, оның орын алуы және қылмыстың жолын кесудегі қолданылатын әдіс-тәсілдердің тиімділігі тұрғындардың қатысуымен сауалнама негізінде жасалған. Тіпті баяндамадан қалта ұрыларының Түркістан қаласындағы қай қоғамдық көліктерде көптеп жүретіні зерделенген. Мәселеге мән берсек, №10, №2, №30, №31, №1, №7, №8, №9-шы қоғамдық көліктерінде қалта ұрлығы деректері жиі тіркелген. Осылайша қылмыстық ахуалға қатысты қала аумағында егжей-тегжейлі карта жасалған десек болады. Сараптама негізінде қала аумағындағы әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуға бағытталған ұсыныстар енгізілуде. Қазіргі таңда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ Түркістан қалалық әкімдігіне шаһардағы қауіпсіздік проблемаларын жоюға бағытталған ұсыныстарын жолдаған. Енді мәселелердің оңтайлы шешілуі үшін бірлескен жұмыстарға лайықты қолдау қажет.

Жиын қорытындысында, консультативті-кеңесші органның төрағасы және мүшелері тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, баяндамашылардың жұмысына оң баға берілді. Сондай-ақ, консультативті-кеңесші орган төрағасы Мұхтар Мұхитдинұлы алдағы отырыстарды өткізу тәртібі және көшпелі мәжілістер ұйымдастыру мәселелеріне мән беру қажеттігін ұсынды. Бұл өз кезегінде полиция қызметінің сапасын арттыруға аталған органның қосқан үлесі болмақ.

Бұдан бөлек, тұтас облыс жөнінен  қылмыстық ахуал тұрақты. Осы жылы 2000-нан астам құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға төмендеген. Оның ішінде ауыр қылмыстың тіркелімі 44,7 пайызға азайып отыр. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 90 пайызды құрады. Жалпы, қылмыстың алдын алу, болдырмауда біздің жеке құрам тәулік бойы қызметте. Полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға жұмыс жасап жатыр. Соның нәтижесінде Түркістан облысы республика көлемінде қылмысы ең аз облыс қатарында деп айтуға толық негіз бар.

Қылмысты ашудан бұрын алдын алу тиімді екені баршаға белгілі. Жеке құрам қызметкерлері ұрлық қылмыстарының алдын алуда десек те кей жағдайларда қылмыстар азайып жатса, тіпті кейбірі өсіп кететін жағдайлар орын алып отырады. Мәселен, 2021 жылы пәтер ұрлығы бойынша 131 жәйт болса, ағымдағы жылы 198 болған. Ал, ашылуы 72,7 пайызға жоғарылаған. Тонау қылмысы өткен жылдың 4 айында 19 болса, 2022 жылдың осы кезеңінде 16 дерек тіркелген. Ашылуы 100 пайызды құрап отыр.

Сонымен қатар, заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша біршама жұмыстар атқарылды. 2022 жылдың басынан бері Түркістан облысында жалпы 7784 шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар қабылдаушы тараптардың хабарламалары негізінде есепке қойылған. Бұл өткен жылғы осы мерзімге қарағанда 3,5 пайызға жоғары болса, 2021 жылдың тиісті кезеңінде – 7515 тұлға есепке алынған. Есепке алынған шетелдіктердің басым көпшілігі немесе 6764-і Өзбекстаннан, 275-і Ресейден және 302-і Қырғызстаннан келген. Күнделікті және жүйелі түрде атқарылған жұмыс нәтижесінде 2022 жылдың 4 айында республиканың көші-қон заңдылығын бұзған жалпы – 3919 (2021 жылы – 2658) шетелдіктер мен ҚР-сы азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 771 (399) шетелдік азамат болып отыр.

Аталған құқықбұзушылардың 1495-ы (871) ескертілген, 1897-не (1443) әкімшілік айыппұлдар салынды, 138 (69) шетелдік әкімшілік қамауға алынды. Өзге елдердің 124 (75) азаматы ел аумағынан аластатылды. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған – 56 (2021 жылы-33) және шетелдіктерді заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен – 367 (238) Қазақстан Республикасының азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.