Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді және Қатар халқын ұлттық мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда жазды.
Бүгінде еліңіз экономикасы қарқынды дамыған, өңірлік және жаһандық тұрғыдан кеңінен мойындалған халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі ретінде танылды. Әсіресе, сіздің басшылығыңызбен жүріп жатқан бітімгерлік бастамалар мен әлемдік деңгейдегі шаралар осыған дәлел. Осы тұста сіздің сындарлы көшбасшылығыңызбен еліңіз алдағы уақытта да өркендеп, мақсат-мұраттарға жете беретініне сенімдімін. Қатар Қазақстанның араб әлеміндегі сенімді әрі басты серіктестерінің біріне айналып, сындарлы да мазмұнды қатынастарымыздың нығая түскенін ерекше атап өтемін. Болашақта дәстүрлі достық пен бауырластық рухындағы берік ынтымақтастығымыз жалғасын тауып, халықтарымыздың игілігі үшін қарқынды дами беретініне зор үміт артамын, – деп жазылған жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің жауапты қызметіне толағай табыс, ал Қатар халқына бақ-береке тіледі.