Президент тапсырмасы: 10 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 10 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Президенттің жолдауда айтылған тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындау мақсатында құрылған мемлекеттік комиссия пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген 10 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерін мемлекет меншігіне қайтарды.

Сонымен қатар жайылымдық жер тапшылығы мәселесінің өзектілігін ескере отырып, қайтарылған жерді тиісті елдімекендерге бекіту арқылы басым тәртіппен шаруалардың қажеттері үшін беріліп жатыр, — делінген хабарламада.

Amanat партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы қайтарылатын жерлерді қайта бөлуді бақылаумен айналысты.

Жерді халық арасында одан әрі әділ бөлу мәселелері үкіметтің ерекше бақылауында болады.