Желтоқсан оқиғасының болғанына биыл 37 жыл толды. Бұл көтеріліс КСРО-да алғаш рет болған студенттердің жаппай шеруі еді. Бейбіт шеру қан-жоса болып басылды. Оны басу үшін Алматыға КСРО-ның 18 қаласынан әскер кірді. Тарихта үлкен орны бар көтеріліс туралы көркем фильм жоқтың қасы. Ең танымалдары — «Аллажар» мен «Қызғыш құс». Біршама деректі фильм түсірілген. Оқырманға Желтоқсан оқиғасы туралы көркем және деректі фильмдерді ұсынамыз.

«Аллажар» көркем фильмі

Бұл — көтеріліске қатысқан Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған фильм. Режиссеры — Қалдыбай Әбенов. Басты рөлдегі Азат деген студентті қазір кинорежиссер Ақан Сатаев сомдаған. Фильм 1988-1996 жылдары сегіз жыл түсірілген. Бұлай ұзақ түсірілуіне Қазақстан билігінің түсіру тобын қудалағаны, цензураға ұшырағаны ықпал етті.

«Аллажар» көркем фильмі Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Азаттың түрмеде отырғанын, тергеушілер мен бақылаушылардың қорқытқан сәттерін, жалпы көтеріліс кезінде және одан соң басынан өткен оқиғасын баяндайды.

Режиссер Қалдыбай Әбенов фильмнің атауы әдей Құдай атымен байланысты алынғанын айтады.

Бұл фильмді «Аллажар» деп атамағанымда сол кездегі қиын-қыстау заманда тағдыры басқаша болатын еді. Фильмді Алла атымен атағандықтан да, көптеген қиындықтан аман өтті. Атауын діни тақырыпта қойғаныма наразы болғандар табылды. Адам баласы қиналған кезде Алланы еске алып: «Я, Алла өзің жар бола көр!» деп тілейді емес пе?! — дейді режиссер.

Қалдыбай Әбенов 2020 жылғы шілдеде қайтыс болды.

«Қызғыш құс» көркем фильмі

Бұл — режиссер Талғат Теменовтің фильмі. «Қызғыш құс» фильмінің басты кейіпкерінің аты — Санжар. Ол 1986 жылғы көтеріліс кезінде қиын жағдайға тап болады. Кінәсіз болса да, тәртіп сақшыларынан қашуға тура келеді. Сөйтіп, қала сыртындағы теміржол разъезінде жұмыс істейтін жалғызбасты Зина деген орыс әженің үйін паналайды. Санжар бұл жерде әділетсіздіктің куәсі болады.

Желтоқсан көтерілісі кезінде мен Мәскеуде тұратынмын. Көтерілістің болғанын сол жақтан естідім. Елге келген соң, көп жағдайға қанық болдым. Желтоқсан шындығының айтылмай жатқанын көрдім. Қазақ жастарының бұл ерлігінен шет мемлекеттер хабарсыз екен. Желтоқсанда қазақ жастары ешкімнен жасқанбай алаңға шықты емес пе? Ендеше, бұған неге қуанбауым, мақтанбауым керек? Қазақ жастарының ерлігін неге басқаларға көрсетпеске? Осындай оймен осы фильмді түсірдім, — дейді режиссер Талғат Теменов.

Фильмде артистер Гүлнар Досматова, Райымбек Сейітметов, Жанар Чайкина, Әшір Шоқыбаев ойнайды. Фильмнің музыкасын белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов жазған.

«Желтоқсан алауы» деректі фильмі

Деректі фильмде шеруге қатысып, болған жайттың бәрін көзбен көрген куәгерлер сөйлейді. Режиссеры — Жаңабек Жетіруов. Фильмге архив фото-видеолар да қолданылған.

Деректі фильмге түскен шеруге қатысқандардың бірі Бақытбек Иманқожаев бейбіт шеру қалай ұйымдастырылғанын айтып берді. 1986 жылы ол Театр және көркемсурет институтының студенті еді.

Бейбіт шеру ұйымдастырайық, бұған біз келіспейміз (Дінмұхамед Қонаевты алып тастап, орнына Генадий Колбиннің келетінін айтып отыр — ред.) деп бүкіл жоғарғы оқу орынын араладық. Өз студенттермізді ұйымдастырып алты ұран сөз жаздырдық. Ертең бейбіт шеруге шығып, өзіміз ұлт екенімізді, ел екенімізді көрсетейік деп үгіт-насихат жүргіздік, — дейді Бақытбек Иманқожаев.

«Желтоқсан алауы» көтерілістің болғанына 20 жыл толуына орай, 2006 жылы жарыққа шықты. «Қазақфильм» киностудиясы өндірген, қазақша түсірілген.

«Жарияланбаған демонстрация хроникасы» деректі фильмі

«Жарияланбаған демонстрация хроникасы» Желтоқсан оқиғасы туралы басқа деректі фильмдерден ертерек түсірілді. 1991 жылы шыққан. Түсіргендер — режиссерлар Әсия Байғожина мен Наана Чанкова.

Фильм көтерілісті шеруге қатысқандар мен оны көргендердің сөзімен баяндайды, көтерілістен зардап шеккендер мен қайтыс болғандар туралы да айтылады. Фильм жазушы Габриэль Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» кітабының мазмұнына сілтейді. Ол бойынша билік ылғи да шерудің бәрінде адам шығыны болмағандай, ешкім зардап шекпегендей, ақыры аяғы шеру болмағандай түр танытады.

Фильмге Мемлекет және қоғам қайраткері, журналист марқұм Алтынбек Сәрсенбаев та түскен. Ол 1986 жылы Қазақ телеграф агенттігінің бөлім редакторы болып істеп жүрген. Ол 17 желтоқсанда алаңға нашақорлар, бұзақылар, ішкіштер шықты деген ақпараттың қалай жарияланғанын айтады.

Бұл ақпаратты ҚазақКСР-дің министрлер кеңесіне қарайтын Қазақ телеграф агенттігі (ҚазТАГ) дайындады. Бөлім редакторы болып істеп, бұл ақпараттың қалай дайындалғанына куә болдым. Бірінші нұсқаны біздің ҚазТАГ жазды. Директор қол қойған соң, ақпарат жазылған мәтінді Қазақстанның компартиясы орталық комитетіне алып кетті. Содан кейін бұл ақпарат қайта жазылып шыққанын білемін. Сол кездегі идеологиялық бөлімнің басшысы мен идеология бойынша хатшы Қамалиденов қайта жазды. Сосын ақпаратты жолдас Колбин қарап шықты. Жоғарышенді партиялық шенеуніктердің қолынан кейін, ақпарат барлық газетте жариялауға жол тартты, — дейді Алтынбек Сәрсенбаев.

«Желтоқсан жаңғырығы» деректі фильмі

Фильм 2021 жылы YouTube желісіне шықты. Желтоқсан оқиғасының болғанынан 35 жыл толуына орай түсірілген.

Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының сол кездегі студенті, қазір белгілі актер Үсіпхан Сейтімбет көтеріліске шығуды насихаттағаны үшін тергеу изоляторында алты ай жатқанын баяндайды. Ол Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековпен көрші камерада отырған.

Мен 51-де жаттым, 49-да Қайрат Рысқұлбеков жатты. Камерамның есігін әскерилер ашқанша теріс қарап тұрғам. Көрші камераның көзшесінен Қайратты көріп үлгердім. «Қайрат, қалайсың?» дегенім сол еді, (әскери — ред.) желкемнен тоқпанмен бір қойды. Тепкілеп, тепкілеп 51-камераға қамады. Сегіз орындық камера болатын. Терезе арқылы Қайратпен сөйлесуші едім. Батереяның тесігі арқылы бір-бірімізге қағазбен хат жіберіп отыратынбыз, — деп еске алады Үсіпхан Сейтімбет.

***

Тағы оқыңыз:

Лоңрид. Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың әңгімесі