Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда 20...

Қазақстанда 20 жаңа су қоймасы салынады

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстан су кеңесінің отырысында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанның су қоры 102,3 текше шақырым болды. Оның 54%-і ел аумағында қалыптасады, ал қалған 46%-і көршілес елдерден келеді. Экономиканың қажеттері үшін жылдық су тұтыну шамамен 25 текше шақырым болды. Оның 65%-і ауыл шаруашылығына, 25%-і өнеркәсіп қажеттеріне жұмсалады.

Жалпы, түгендеу нәтижелері бойынша елімізде 17 736 өзен және уақытша су ағындары,4 024 көл, 4 540 жерасты су кен орындары, 13 175 су шаруашылығы құрылымдары бар. Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның тапшылығы мәселесін шешу үшін су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Ол су қоймаларын салу және күрделі жөндеу, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелер мен топтық су құбырларын реконструкциялау бойынша бірқатар шұғыл шараларды қамтиды, — делінген хабарламада. 

Кешенді жоспарды іске асыру су ресурстарын 3,7 текше шақырымға, ал суармалы жер көлемін – 2,2 миллион гектарға дейін ұлғайтуға, егіндік суының жыл сайынғы шығынын үш текше шақырымға азайтып, 55 мыңнан тұрғыны бар 41 елдімекенді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мәселен, 2024-2026 жылдары тоғыз облыста көлемі 2,4 текше шақырым болатын 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл суармалы жер көлемін 250 мың гектарға ұлғайтуға, 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елдімекенді су басу қаупін азайтуға және Қазақстанның көршілес елдердің су ресурстарына тәуелділігін орта есеппен 25%-ке төмендетуге ықпал етеді.

Сонымен қатар тоғыз облыста көлемі 1,9 км3 қолданыстағы 15 су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Бұл қосымша 74 мың гектар суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етіп, 70 мың тұрғыны бар 64 елдімекенді су басу қаупін азайтады.