Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта жұмыстардың 80%-і аяқталды.
Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесу кезінде «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Алып Ер Тұнға Ерсой айтты.
Әкімдіктің мәліметінше, қала әкіміне Алматы халықаралық әуежайы мен оған іргелес аумақтың көлік инфрақұрылымын дамытудың 2050 жылға дейінгі перспективасы жайлы шебер жоспар таныстырылды. Құжат Алматының бас жоспарымен үйлестірілген еді.
Бүгінгі таңда ұшаққа шығатын жолдар кеңейтілді, қосымша ауа баптау жүйесі енгізілді, жайлы жаңа автобустар сатып алынды. Құжат бойынша басқа кезеңдер аясында халықаралық бағыттардың санын көбейту, жаңа ғимараттар салу, автотұрақ аймағын кеңейту жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары барлық бағыт бойынша толығымен жүріп жатыр. Жаңа жолаушылар терминалы 80%-ке дайын, жалпы мақсаттағы авиация ғимаратының құрылысы аяқталды, эстакаданы, ұшу-қону жолағын және вокзал маңы аумағын қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр, — деді Алып Ер Тұнға Ерсой.
«Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті қала басшысына жұмыстың жоғары қарқынын ескеріп, жаңа терминалды іске қосу жазғы маусымның басында, демалыс кезеңіне дейін жүзеге асырылатынын айтты.