БҚО әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Бөрлі ауданында болды. Сапар мақсаты — аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың халық алдындағы есебін тыңдау.
Алдымен облыс басшысы аудан орталығындағы бірнеше нысанды аралап, әскерге шақыру пунктінің салтанатты ашылуына қатысты. Әскерге шақырылған әрбір ер азаматтың Отан алдындағы міндеттерін толық түсініп, нағыз патриотқа айналуына оны әскерге шақырған орынның заман талабына сай болуы маңызды. Осы мақсатта, Ақсай қаласында жаңадан әскерге шақырту пункті салынып, пайдалануға берілді.
Бұрынғы пункт ғимараты 1963 жылы салынып, қазіргі уақытта апатты жағдайда болған еді. Сонымен қатар, ғимарат заманауи талаптарға сай келмейтін, әскерге шақыру науқанында медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жоқ болатын. Осыған байланысты жаңа шақыру пунктін салудың шұғыл қажеттігі туындады.
Биылғы жылдың ақпан айының соңында ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Нариман Төреғалиевке апатты жағдайдағы ескі ғимарат көрсетіліп, жаңа нысанның жобасы таныстырылған болатын. Араға 9 ай салып, облыс басшысы жаңа әскерге шақыру пунктінің ашылуына қатысып отыр.
Зәулім ғимараттың бірінші қабатында кезекші бөлме, шақыру комиссиясы отырысының кабинеті, дерматолог, хирург, стоматолог, психиатр, невропатолог, отоларинголог, офтальмолог, терапевт дәрігерлердің кабинеттері болса, екінші қабатында әскерге шақыру учаскесі қызметкерлерінің кеңселері, акт залы, мұрағат бөлмесі, көмекші кабинеті және әскерге шақырылатындар кабинеті, демалыс бөлмесі бар. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 713 шаршы метр, сметалық құны 255 млн.теңге құраған.
Әскери ғимараттың салтанатты ашылуында сөз алған Нариман Төреғалиұлы аудан халқын құттықтап, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Бекенғали Қарасаевқа ғимараттың және жаңа «Нива» көлігінің кілтін табыс етті. Облыс басшысы жаңа ғимараттың типтік үлгідегі облыстағы алғашқы әскери нысан екенін атап өтті.