Келесі жылы үш ауысымды мектептер саны 39-ға дейін қысқарады. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде айтты.
2023 жылдың басында облыста 52 үшауысымды мектеп болды. Биыл 14,4 мың орынға арналған 10 мектеп тапсырылды. Бесеуі жылдың соңына дейін беріледі. Келер жылы үшауысымды мектептер 39-ға дейін қысқарады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2024-25 жылдары 54,6 мың орындық 53 мектеп салынады. Осының нәтижесінде үш ауысымды мектеп мәселесі шешіледі, — деді аймақ басшысы.
Бұдан бөлек «Білім-инновация және «Қазақстан халқына» қорларымен бірлесіп «Табысты 50 мектеп» атты бірегей жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 756 миллион теңге бөлінген.
50 мектептің 3,8 мың ұстазы біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, 58 мыңнан астам оқушы кешенді оқуымен қамтылды. Жоба аясында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 50 мектепке 1,5 миллиард теңгеге физика, химия және биология пәндерінің 150 зертхана кабинеттері жабдықталып жатыр, — деді спикер.