Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің мамандары қызылшаның өршуіне байланысты шектеу шараларын енгізу мәселесін түсіндірді.
Үкімет отырысынан кейін өткен брифиңде тілшілер денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінен қызылшаға байланысты карантин режимін енгізу қаншалықты ықтимал екенін сұрады.
Қызылша – вакцинамен басқаруға болатын инфекция. Сондықтан бүгінге дейін ешқандай шектеу шаралары енгізілген жоқ. Енгізу туралы жоспар да жоқ. Бірақ біз ахуалды бақылауда ұстап отырмыз. Қандай да бір ұйымдасқан ұжымда сырқаттану деңгейі жоғары екенін, екпе алмаған балалардың саны шекті мөлшерден асып кеткенін анықтасақ, тура сол нысанда шара қолданылады. Ол мектепке дейінгі білім беру нысаны, орта мектеп немесе жоғары оқу орны болуы мүмкін, — деді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова.
Оның айтуынша, қазір қызылша негізінен балалар арасында тарап жатыр. Халық жаппай жұқтырып, әсері экономикалық-әлеуметтік ахуалға әсер еткен кезде ғана эпидемия жарияланады. Осындай жағдайда ғана шектеу шаралары қолданылып, бұқаралық мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салынады.
Ахуал бақылауда. Қосымша алдын алу шаралары енгізіліп жатыр. Сондықтан қазір аурудың өршуі ғана болып жатыр деп есептейміз, – деді ДСМ өкілі.