Елімізде ірі нысандардың құрылысы тексерілді

Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекеттің негізсіз шығындарын болдырмау мақсатында ірі объектілердің құрылысына мониториң жүргізіп жатыр.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

ҚМА мәліметінше, «Мемсараптама» РМК көмегімен Астананың энергия торабындағы апатқа қарсы автоматиканы модернизациялау бойынша жоба құны 1,9 миллиард теңгеге төмендеді. Мұнда жобаны әзірлеушілер электр шкафтарының бағасын негізсіз көтерген.

Тағы бір жағдайда Астанада құбыр бағасын өсіруге байланысты магистральдық айналма кәріз коллекторын салу құны 5,3 миллиард теңгеге төмендеді. Петропавлдағы Солнечный кентінің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салу кезінде электр қосалқы станцияларының құнын төрт есе арттыру фактісі анықталды. Нәтижесінде 2,3 миллиард теңге бюджет қаражаты үнемделді, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар қазіргі уақытта облыс әкімдіктерімен тағы 24 нысан бойынша мемлекет шығындарын 13 миллиард теңгеге төмендету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, Қарағандыда өндірістік ағындар мен жерүсті сарқынды суларын тазартатын құрылыс жобасы бойынша жабдықтың тек үш түрінің ғана құны 541 миллион теңгеге асырылды.

Жалпы сегіз жоба бойынша екі айдың ішінде бюджет шығындары 10 миллиард теңгеге төмендетілді. Бұл жұмыс әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту процесіне қатысушылар тарапынан жымқыру фактілерінің алдын алуға және оларды қылмыстық жауапкершілік пен сот талқылауларына тартудан қорғауға бағытталған, — делінген хабарламада.