2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 17 903 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас статусын алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 124,9 мың этникалық қазақ оралды.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Биыл Қазақстанға қандастардың жартысы (53,8%) Өзбекстаннан, 19% – Қытайдан, 11% – Моңғолиядан , 7,6% – Ресейден, 6,5% – Түрікменстаннан және 2,1% басқа елдерден келген.
Биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,7%, еңбекке қабілетті жастан кіші 30,7% және зейнеткерлер 8,6% болды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,3%-і жоғары білімді, 34,5%-і орта кәсіби білімді, 41,7%-і жалпы орта білімді, және 8,5% білім жоқ. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды, — делінген хабарламада.
Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 337 адам болды. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 870 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Биыл 1 254 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 522 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 1 254 адам біржолғы субсидия алды, ал 513 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-і немесе бір отбасына 4 миллион теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді, — делінген хабарламада.