Алматыда жұқпалы аурулар ауруханаларындағы төсек-орын қорының 90,3%-іне қызылшамен ауырғандар жатқызылды.
Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында қызылша жұқтырған балаларды емдеуге арналған 280 төсек-орындық жеті бөлімше бар. Оның ішінде 12 төсек реанимациялық бөлімшеде орналасқан. Саялы филиалында бір бөлімше, Байзақов көшесіндегі стационарда және Апорт филиалында үш бөлімшеден орналасқан. Резервте 40 төсек бар, — делінген хабарламада.
Кереуеттер жетіспеген жағдайда қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында қосымша екі бөлімшеде 100-ден астам төсек дайын тұр.
Эпидемиологиялық жағдай нашарласа, басқа ауруханаларда қосымша төсектер орналастырылады. Бұл мәселе Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының тұрақты бақылауында, — делінген хабарламада.
Алматы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, қызылшамен ауырғандардың басым көпшілігі вакцина салдырмаған.