Халықаралық автомобиль тасымалына қойылатын талап жеңілдеді

Халықаралық тасымалдау саласында бірқатар артық талаптың күші жойылады. Бұл туралы бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. 

Көлік прокурорлары халықаралық автомобиль тасымалдарын реттеу саласындағы бірқатар нормативтік актіге түзету енгізген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 13 желтоқсандағы бұйрығын зерделеді.

Өзгерістер тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат алу, автокөлік құралдарына рұқсат карточкаларының қолданылу мерзімі бойынша талаптарды күшейтті және тұтастай алғанда бұл 6 мыңға жуық отандық тасымалдаушының жағдайын нашарлатты.

Салалық министрлік аталған бұйрықты мұндай құқықтық жаңашылдық халықаралық тасымалдаушы мәртебесін алған (Кәсіпкерлік кодекстің 82-бабы) кәсіпкерлердің қызметіне қалай әсер ететініне талдау жамастан қабылдаған, — делінген хабарламада. 

Осыған орай көлік прокуратурасы өз ұсынысында жаңадан құрылған көлік министрлігінен заңдылықтың бұзылуын жою және осы салада бизнес жүргізу үшін рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдауды талап етті.

Бүгінгі таңда министрлік басқа уәкілетті органдармен бірлесіп, бұйрықтан тасымалдаушылар ұсынатын артық құжаттар мен мәліметтерді алып тастауды көздейтін жаңа түзетулер әзірледі, өйткені олар туралы бірқатар ақпарат мемлекеттік органның цифрлық дерекқорларында бар (қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлем декларациясы, жүргізушілермен жасалған еңбек шарттарының көшірмелері және т.б.).