2024 жылдың бірінші тоқсанында сұйытылған мұнай газының 1 литрі шамамен 5 теңгеге қымбаттайды. Бұл туралы энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов айтты.
Бүгінде республикада айына 135 мың тонна сұйытылған мұнай газы өндіріледі. Тұтыну мұнан көп. Соған байланысты тапшылық туындайды. Автомобиль иелерінің көпшілігі сұйытылған мұнай газына ауысып жатқанын білеміз. Газ балонын орнату реттелмейді, — деді ол БАҚ өкілдеріне арналған брифиңде.
Оның айтуынша, өндіріс тұтыну көлемін қамтамасыз ете алмай отыр.
Сондықтан да бірқатар шара қабылдадық. Теңізшевройлмен ішкі нарыққа ай сайын 10 мың тонна газ жеткізуге уағдаластық. 13 қарашада сұйытылған мұнай газының экспортына толық шектеу енгіздік. Казросгаз компаниясымен Орынбор мұнай өңдеу зауытынан сұйытылған мұнай газының қосымша көлемін бағыттау туралы келістік. Қазіргі уақытта тапшылық байқалмайды, — деді вице-министр.
Мұнан бөлек ол келесі жылдан бастап газ бағасы көтерілетіндігін айтты.
Энергетика министрлігі газ бағасын біртіндеп көтеруді көздейді. 2024 жылдың бірінші тоқсанында сұйытылған мұнай газының 1 литрі шамамен 5 теңгеге көтеріледі деп күтеміз. Одан кейін алдағы үш жылдың ішінде газ бағасы әр алты ай сайын қымбаттап отырады,- деді Әлібек Жамауов.