Биыл 10 айда төрт министрлік пен төрт облыс әкімдігі бюджет қаражатын ең көп иегере алмаған. Бұл туралы үкімет отырысында қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары — 98,2, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,4, жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,2%-ке орындалды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 18 триллион теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 107 миллиард теңге болса, оның ішінде үнемдеу 16 миллиард теңге болды. Игерілмегені – 91 миллиард теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары ішкі істер, мәдениет және ақпарат; су ресурстары және ирригация; экология және табиғи ресурстар министрліктерінде қалыптасты, — деді Дәурен Темірбеков.
Вице-министр игерілмеудің негізгі себептері ретінде конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізуді, өнім берушілердің тауарларды жеткізбеуін, бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру жөнінде нормативтік құқықтық актілерді уақтылы қабылдамауын, шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақтылы ұсынылмауын, төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілгенін, министрліктердің қайта ұйымдастырылуын атады.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 10 триллион теңге болды. Атқарылмағаны — 294 миллиард теңге. Биыл өңірлерге 2 триллион теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қарашаға 1 триллион 261 миллиард теңге бөлінген. Оның 94,4%-і игерілген. Атқарылмағаны – 71 миллиард теңге, оның ішінде 2 миллиард теңге – үнемдеу. 69 миллиард теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу Астана және Алматы қалаларында, Маңғыстау және Ақмола облыстарында қалыптасты, — деді ол.