Алматыда Сайран, Қарасу және Әуежай көлдерінде механикалық тазалау жұмыстары аяқталды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, экология және қоршаған орта басқармасы биыл наурыз айында Сайран, Қарасу және Әуежай көлдерінде механикалық тазалау жұмыстарын бастаған болатын. Бүгінгі күні бұл жұмыстар аяқталды.
Сайран су қоймасының түбін қоқыс пен лайдан тазалау жұмыстарына төрт экскаватор мен 30 самосвал жұмылдырылды. Жобалық ауданы 60 гектар болатын аумақтан 140 мың м3-тан астам қоқыс пен лай шығарылды. Механикалық тазалаудың негізгі мақсаты – су қоймаларының табиғи биологиялық процесін сақтап, экологиялық тепе-теңдікті қалыптастыру, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар экология және қоршаған орта басқармасы Сайран көлін абаттандыру бойынша жоба әзірлеген.
Жобада орындықтар, қоқыс жәшіктері, балалар мен спорт алаңдарын орнату, төсеніштер (брусчатка) төсеу, аумақты көгалдандыру және барлық кіреберіс дөңестер мен баспалдақтарды қалпына келтіру жұмыстары қарастырылған. Қазіргі уақытта басқарма жобаны іске асыру үшін конкурс жариялады. Жұмыстар мердігер ұйым анықталған соң басталады. Жобаны аяқтау 2024 жылдың соңына жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.