Қазақстанда кейінгі жылдары тауық еті мен жұмыртқа шығаратын 12 құс фабрикасы жабылып қалған. Мұның барлығы нарыққа теріс әсер етіп, салдары жұмыртқаның күрт қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Бұл туралы Хабар 24 арнасы хабарлады.
Кәсіпорындардың тоқырауға ұшырауына мемлекеттен бөлінетін кейбір субсидиялық төлемдердің тоқтатылуы және құс жемінің қымбаттауы себеп болған. Мәселен, 2010 жылы құрылған бір фабрика осы уақытқа дейін 130 мың тонна құс етін өндірген. Бүгінде 300 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорынға қажет инкубациялық жұмыртқа Франциядан, вакцина мен басқа да жабдықтар Еуропа елдерінен жеткізіледі. Бұрын осы шығындардың бір бөлігі субсидияның арқасында жабылатын. Субсидияның аз да болса көмегі бар. Осы жердегі халықтың жұмысы, айлығы, жем-шөп мәселелерін шешуде көмегі тиді. Шетелден әкелінетін қондырғылар, қосалқы бөлшектер пайдаланылды. Субсидияны алып тастағаннан кейін өнімнің өзіндік бағасы өзгерді, — дейді құс фабрикасының өндіріс жөніндегі директоры Марат Әбіш.
Статистика бойынша, елімізде 68 фабрика бар. Бұл кәсіпорындар жылына 5 миллиардтан астам жұмыртқа шығарып, 290 мың тонна құс етін өндіреді. Демек, ішкі нарық отандық өніммен толық қамтылған. Ал, отандық өндірушілерге мемлекетік қолдау болмаса, нарықта импорттық өнім көбеюі мүмкін.
Жауапты министрлік субсидия тоқтаса да, саланы қолдау жалғасады дейді. Мәселен, биылдың өзінде құс шаруашылығын қаржыландыруға мемлекет 12,9 миллиард теңге қаржы бөлген. Бұл қаржы құрылыс жұмыстарын, қажет жабдықтар алуды субсидиялауға жұмсалған.
Биыл бюджеттік комиссияның шешімімен жұмыртқа өндірісіне бағытталған субсидияны тоқтату туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта ішкі нарықты жұмыртқамен қамту көрсеткіші 100%-тен асып жығылады. Жылдар бойы мемлекет демеп келді. Шынын айтқанда, жұмыртқадан 3 теңге алынып тасталғанмен, бұл сала мүлде субсидиясыз қалмайды, — деді ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.