Басты бетЖаңалықтарПрезидент ұлттық...

Президент ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровты қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев  ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысына еліміздің биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын-ала нәтижелері туралы есеп берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2023 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 5% көлемінде болады деген болжам жасалып отырғаны жөнінде баяндалды. Бірінші жартыжылдықта шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 13,3 миллиард долларға жетті. Жылдық инфляция екі есе, яғни 10,8%-ке дейін (ақпан айында 21,3%) төмендеді.

Әлібек Қуантыров жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 36,4%-ке жеткенін мәлімдеді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 28 триллион теңгеден асты. Бұл салада 4,3 миллион адам жұмыспен қамтылған. Биыл 9 мың жобаға субсидия берілді. Несиенің жалпы көлемі – 669 миллиард теңге.

Мемлекет басшысына бизнесті тексеру ісін екі есе азайту үшін кәсіпкерлік саласына жаңа реттеу саясаты енгізілетіні туралы мәлімет берілді. Міндетті талаптар реестрі жасалып, сын-қатерлерді басқару жүйесі автоматтандырылады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа Бюджет және салық кодекстерінің әзірлену барысы, сонымен қатар инвестициялық саясат, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту шаралары туралы айтылды.

Бұдан бөлек, ұлттық экономика министрі «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде баяндады. Атап айтқанда, биыл 267 миллиард теңге инвестиция тарту, 5,8 мың шақырым желіні жөндеу, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің жалақысын 50%-ке көтеру, желілердің тозу деңгейін 3,2%-ке азайту жоспарланып отыр.

Президентке ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іске асырылуы жайында мәлімет берілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске қосылғалы бері республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі жеті есе артты. Биыл 771 ауылда 1,8 мың жобаны орындау жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, сонымен қатар реформаларды тиімді жүргізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.