Қазақстанда 172,3 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алды.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
166,3 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы – 37,8 миллиард теңге. Қолданыстағы заңнама бойынша жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және кейінгі 24 айдағы табысына байланысты бір айдан алты айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем алады. Қаржы жоғалған кірістің 45%-не дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді, — делінген хабарламада.
Ол үшін жұмыстан босатылған жұмыскер eGov.kz порталында авторизациядан өту керек. Сосын «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдайды.
Онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтырып, оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет. Бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі, — делінген хабарламада.
Бұл қызметті онлайн режимінде электронды еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады. Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәлімет болған кезде министрліктің ақпараттық жүйесі мобайл телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.