Қазақстанның үш қаласынан жасырылған 500 есірткі орамы табылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
БҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының аумағында байланыссыз жасыру әдісімен марихуана және гашиш есірткі құралдарын сатумен айналысқан интернет-дүкенге тосқауыл қойды.
Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында жоғарыда аталған интернет-дүкеннің операторы және курьері болған Оралдың екі тұрғыны ұсталды. Атырау, Орал және Ақсай қалаларында олар бұрын жасырып кеткен 500-ден астам есірткі орамы тәркіленді.
Олардың 300-ден астамы Атырауда Жайық өзенінің жағасындағы қоғамдық орындардан табылды. Қазіргі таңда есірткі дүкенін ұйымдастырушыны анықтау және оны бұғаттау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Биыл ішкі істер министрлігі интернет-дүкендердің 19 ұйымдастырушысын, 105 оператор мен 297 есірткі жасырушыны ұстады. Есірткі құралдарының таралуы туралы ақпаратты қамтитын 3 500 интернет-ресурс анықталып, бұғатталды, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.