Өнер арқылы да қоғамға тарихты насихаттауға болады. Оған Қазақстандағы медиа, кино және тағы басқа шығармашыл саладағы контенттер дәлел. Мысалы, еліміздегі театрлар тарихи оқиғаларды қойылымдарының тақырыбына арқау еткен. Бүгінгі материалда Baribar.kz Қазақстандағы театрлардың сахнасында тарихқа негізделіп қойылған спектакльдердің топтамасын жасады.
“Қазақтар” драмасы
Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрында қойылған тарихи драманың бірі — жазушы-драматург Қалихан Ысқақ пен Шахимарден Құсайыновтың “Қазақтар” деген қойылымы. Оның қоюшы-режиссеры — Тұңғышбай Жаманқұлов. «Қазақтар» қойылымының басты идеясы — көрерменге азат болуды, біртұтас ел болуды аңсаған қазақтардың өз хандығын құрудағы жолын, бастан кешкен қиын тағдырын көрсету.
ХV ғасырдың екінші жартысында Алтын орда ыдырап, төрт мемлекетке бөлінеді. Оның бір бөлігін Әбілқайыр хан билейді. Әбілқайыр ханнан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын құрады. Міне, дәл осы Жәнібек ханның ұлы Қасым ханның Қазақ хандығын сақтап қалу мен нығайтудағы, ел бірлігі мен жер тұтастығын қорғау жолындағы күресі «Қазақтар» қойылымында көрсетіледі.
«Абылай ханның ақырғы күндері» қойылымы
Абылай хан — қазақтың 18-ханы. Ол қазақ тарихындағы ең ұлы билеушінің бірі болған. Алматылық көрермендер Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрынан Абылай ханның Қазақ хандығына қосқан үлесін, саяси жолын, оның стратегиясын “Абылайханның ақырғы күндері” қойылымынан біле алады.
Қойылымда Абылай ханның өмірінің соңғы үш күні баяндалады. Режиссер осы уақыттағы Абылай ханның арманын, еңбегінің жемісін, өкінішін, күйінішін, саяси жолын зерделеп, өз-өзіне есеп бергенін әдемі суреттеген. Оған қоса Абылай хан мен Бұқар жыраудың арасындағы байыпты диалогтар көрсетілген. Қойылымды қойған режиссер — Маман Байсеркеев.
«Нартәуекел» қойылымы
Астанадағы Жастар театрында «Нартәуекел» қойылымы көрсетіліп жүр. Бұл — Абылай ханның ерлігі туралы қойылым. ХVIII ғасырда қазақтарға жоңғарлар шабуыл жасайды. Сол уақытта қазақтар ұлт ретінде жойылу алдында тұрады. Осы уақытта жауға төтеп беру үшін, қазақтардың басын біріктіретін адам керек болды. Ол 18 жастағы Абылай еді.
Абылай ханның ұстанымы «Нартәуекел» болған деседі. Қойылымда Абылайханның жоңғарлармен күресіп, қазақ халқын қалай аман алып қалғаны көрсетіледі. Қойылымның режиссеры — Нұрқанат Жақыпбай. 2017 жылы бұл қойылым республикалық фестивальде «Тарихи тақырыптағы ең үздік режиссура» және Абылайдың рөлін сомдаған актер Әділ Ахметов «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясын жеңіп алды.
«Мағжан» қойылымы
Түркістан музыкалық драма театрында «Мағжан» спектаклі қойылып жүр. Режиссеры — жас драматург Алмас Нүсіп. Қойылымда Мағжан Жұмабаевтың ағартушылық өмірі, махаббаты, қызметі сахналанған.
1916-1918 жылдардағы, 1921-1922 жылдардағы және 1929-1933 жылдардағы ашаршылық тарихта ең ауыр кезең болып қалды. Құрғақшылық, жұт, Ресей билігінің халықтың малын тәркілеуі, Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа шаруаларды тіршілік көзінен айырды. Нәубеттің салдарынан миллиондаған халық қаза тапты. Сол уақытта Міржақып Дұлатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев сияқты Алаш зиялылары қазақтың қамын ойлаймын деп қуғын-сүргінге ұшырады. «Мағжан» қойылымында Мағжан Жұмабаевтың тағдыры арқылы ашаршылық кезеңі көрсетіледі.
«Жусан иісі» қойылымы
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары КСРО құрамында болған 15 мемлекеттің халқы үшін қиын кезең болды. Оның ішінде қазақтар да бар. Әкелер мен жас жігіттер майдан шебіне кетіп, оралмай жатты. Бүгінгі жеңістің артында үлкен қасірет пен қиын жылдар тұр. Өкінішке қарай, жылдан-жылға осы екінші дүниежүзілік соғысты өз көзімен көріп, әңгімелеп беретін ардагерлер азайып барады.
Дегенмен батырларды, олардың бастан кешкен ғұмырын, тарихты ұмытпаудың тағы бір амалы бар. Ол — түрлі салада тарихи оқиғаларды дәріптеп, жастарға жеткізіп отыру. Мәселен, Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесі желісі бойынша қойылым сахналанды. Қоюшы режиссер — Жұлдызбек Жұманбай.
Қойылымда соғыс жылдарындағы кішкентай бір ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігі сипатталады. Сюжет желісі бойынша, бас кейіпкер — әке-шешесінен айырылған, әжесімен бірге тұратын Аян деген кішкентай бала. Әжесі екеуі жаңа ауылға көшіп келеді. Повесте де, қойылымда да соғыс жылдарында өмір сүрген Аян және басқа балалардың, ауыл тұрғындарының өмірі, майданға аттанған әкелеріне, бауырларына деген сағынышы, ауыр күндері әдемі сипатталады.
Оған қоса автор балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген балалардың қалай есейгенін, майданның олардың психологиясына қалай әсер еткенін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, көрермен қойылымда бас кейіпкер кішкентай Аянның тағдыры арқылы соғыс уақытында өмір сүрген қазақтардың тағдырын көре алады.
Қойылымды қойған режиссер Жұлдызбек Жұманбай театр арқылы жастарға тарих, мәдениет туралы ақпарат беріп, рухын оятқысы келгенін айтады.
Соғыс туралы әңгімелер, соғыс жылдарында түсірілген фильмдер адамның жүрегінде мәңгі сақталады. Батырларымыздың ерлігін ұмытуға болмайды. «Жусан иісі» де сол мақсатты көздеген еді. Ол қойылымда соғыс кезіндегі қиын күндер баяндалып, сол кездегі балалардың Отанға деген махаббатын жеткізуге тырыстық. Олар тай-құлындай тебісіп ойнақтайтын кезінде соғысқа кетті. Отаны үшін жанын берді. Театр — айна. Одан өзіңді көресің. Театр тарихқа көз салып қарайды. Сондықтан ел мен жерге арналған қойылымдар болса, өз Отаныңа деген махаббатыңның қаншалық екенін саралауға болады, — дейді ол.
«Абай» қойылымы
Бүгінге дейін болған оқиға ғана емес, сол өткен заманда елге пайдасын тигізген ұлы тұлғалар, олардың еңбегі де тарих. Сондай тұлғаның бірі — ұлы ақын Абай Құнанбайұлы. Семей уезінен шыққан қара домалақ Абай жастайынан зерек болды. 13 жасынан бастап саясатқа, ел билігіне араласып, өзі тұрған ауылдың мәселелерін шешіп отырған. Абай ақылды болғанымен ғана емес, гуманистік көзқарасымен ерекшелене білді.
Сол жылдарда-ақ, қатып қалған қағиданы, стереотиптерді бұзып, би-болыстардың қатесін ашық айтып, әділдік орнатуға тырысты. Абайдың өмірі және шығармашылық жолы туралы Мұхтар Әуезовтің төрт томнан тұратын «Абай жолы» романынан оқуға болады. Оған қоса Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік драма театрындағы «Абай» спектаклін тамашалауға болады. Көрермен екі сағатта сәл де болса Абаймен таныса алады. Қоюшы-режиссеры — Есмұхан Обаев.
«Гауһартас» қойылымы
Кейінгі күндері әлеуметтік желіде қыздар мен жігіттердің екіге бөлініп, “Құдаша” әнін айтып, билеп жатқаны бейнеленген видеоларды жиі көріп жүрген шығарсыз. Бұл — Дулат Исабековтің “Гауһартас” деген алғашқы повесінің желісі бойынша қойылған спектакль. Оның сахналық нұсқасын жасаған режиссер — Асхат Маемиров. Қойылым музыкалық жанрда дайындалған.
Көрермен қойылымда қарапайым бір отбасының өмірін тамашалайды. Оқиға сол отбасының кіші ұлы Қайыркеннің баяндауымен өрбиді. Қайыркен — білімге құштар, ашық-жарқын жігіт. Ағасы Тастан — жігерлі, мінезі тұйық жігіт. Оның көрген-білгені — мал бағу. Бір күні Қайыркеннің ағасы Тастан Салтанат деген қызға үйленеді. Салтанат — жүзі жылы, сұлу, ақылды, еркін әйел. Алайда мал мен даланы ғана көріп өскен Тастан оған махаббатын көрсете алмайды. Ал Қайыркен жеңгесіне тамсана қарайтын, оны қадірлейтін. Қойылым бір отбасының, қыз баланың тағдырын, жастардың сезімін баяндай отырып, 1970-жылдардағы қазақтардың әлеуметтік жағдайын, күн-көрісін ашық бейнелейді.
Спектакльде “Ләйлім”, “Құдаша”, “Құстар қайтып барады”, “Көктем келер”, “Жеңеше-ай”, “Келші, айым” деген қазақ әндері шырқалады. Қойылымда актерлар шат-шадыман болып, ән шырқап, билесе де, соңында көрерменді жылата алады.
Қарбаласқа толы өмірде тарихи кітап оқуға, деректерді ақтаруға уақыт жетпейді. Дегенмен өзіміздің түп-тамырымызды жақсырақ білгім келеді. Сол себепті кейінгі күндері қазақты тануға көмектесетін тарихи қойылымдарға қызығып жүрмін. Бұған дейін отбасыммен бірге Ілияс Жансүгіров поэмасының желісі бойынша қойылған «Құлагер» қойылымын көргенбіз. Ал жақында “Гауһартас” қойылымын көру үшін құрбым екеуіміз Қарағандыдан Астанаға арнайы бардық. Қойылым ұнады, бір өксіп жылап алдым. Меніңше, ақын-жазушылардың әңгімесі, повесі бойынша қойылған қойылымдар да — тарих. Олар сол заманды көрді, қызығын да, шыжығын да сезінген, — дейді көрермен Жаннат Төлегетай.
***
Тағы да оқыңыз:
Көрермен «Міржақып. Оян, қазақ» фильміне не үшін жаппай барып жатыр? Кинотанушы талдап берді