Басты бетЖаңалықтарКостенко шахтасында...

Костенко шахтасында қаза болған соңғы кеншінің денесі сыртқа шығарылды

6 қараша күні кешке тау-кен құтқарушылары жақында ғана апат болған Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтадан 46-шы кеншінің денесін тапты. Оны шамның батареясындағы жеке нөмірі арқылы таныған.

Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кеше кешке Костенко шахтасында тау-кен тазарту кеншісі Прокудин Александр Валерьевичтің денесі табылды. Ол қаза болған 46 шахтерлердің бірі болды. Бұған дейін ТЖМ оның денесінің бір бөлігі табылғанын хабарлаған болатын. Алайда сараптама қажет болды. Сондықтан 46-шы кенші туралы ресми түрде еш хабар болған жоқ.

6 қараша күні сағат 20.00-де Костенко атындағы шахтадан қаза болған 46-шы шахтердің денесі табылып, жер бетіне көтерілді. Қажет сараптамалар жүргізілді. Іздестіру жұмыстарына «Кәсіби әскери авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының тау-кен құтқарушылары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілді, — делінген хабарламада.

Шахтаның қызметкерлерінің мәліметінше, соңғы қаза болған кеншіні шамның батареясындағы жеке нөмірінен таныған.

Іздеу жұмыстары қиын жағдайда жүргізілді. Денені алып шығу өте қиын болды. Оның кеудесінде жеке нөмірі жазылған шамның батареясы болды. Қазір криминалистер жұмыс істеп жатыр. Сараптама жүріп жатыр, — деді Костенко атындағы шахтаның үңгілеу жөніндегі бас инженердің орынбасары Владимир Гоноченко.

Еске салайық, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Костенко атындағы шахтасында 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Апат кезінде 252 адам жер астында болған, оның 205-і жер бетіне шығарылды.

Шахтадан 46 кеншінің мәйіті табылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

Үкіметке кеншілердің отбасыларына көмек беруді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.

Шахтадағы өрт фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Мемлекет басшысы ертең, яғни 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын айтты.