Күннен-күнге Электрондық үкімет порталы дамып, азаматтарға жаңа онлайн мүмкіндіктер беріп жатыр. Бұған дейін Egov.kz сайтына биыл қосылған жаңа функцияларды тізіп жазғанбыз. Бүгін тағы алты жаңа қызметін шолып шықтық.
1. Ерлі-зайыпты нотариус арқылы куәландырылатын келісімін онлайн жасай алады
Енді ерлі-зайыптылар ортақ құжаттары үшін нотариус арқылы беретін келісімін онлайн істей алады. Бұрын ерлі-зайыпты ортақ жылжымайтын мүлкін сатқанда немесе неке келісімшартын жасағанда және тағы басқа мәселеде екі жақтың келісімі бар екенін растау үшін нотариусқа барып, арнайы құжат толтыратын. Бұл ерлі-зайыптының бірі басқа елде, қалада жүргенде немесе бос болмағанда ыңғайсыз еді. 2023 жылдан бастап ерлі-зайыптыға нотариусқа барып, әуреленудің қажеті болмай қалды. Оны олар Egov mobile қолданбасындағы eNotary қызметі арқылы іске асыра алады. Келісім онлайн түрде, биометрия деректерін алу арқылы жасалады. Ол үшін мына әрекеттерді істеу керек:
— әуелі Egov Mobile қолданбасына тіркелу керек;
— басты беттен eNotary қызметін тауып, оны ашу қажет;
— eNotary қызметін ашқанда тізім шығады. Оның ішінен “келісім” дегенді таңдау қажет;
— кейін өтініш формасын толтыру керек;
— одан соң биометрия тексерісінен өту керек;
— бейнебақылау арқылы жұбайының келісімін алу қажет;
— соңында нотариус қызметінің ақысын төлеуге тиіс.
Азамат өтінішінің қаралып-қаралмағанын, қай процесте екенін “Нотариаттық іс-әрекеттер” бөлімінен көре алады. Жаңа құжат дайын болғанда “Цифрлық құжаттар” бөлімінде тұрады. Сол жерден жүктеп алуға болады. Оған қоса қолданбаның басты бетінде арнайы QR код бар. Сол арқылы құжаттың түпнұсқа немесе жасанды екенін тексеруге болады.
2. Қазақстан азаматтары несие алуға өз-өзіне онлайн түрде тыйым сала алады
Қазақстандық азаматтар өз-өзіне несие алуға ресми түрде тыйым сала алады. Оны Egov қолданбасы немесе порталы арқылы жасайды. Банктен қарыз алудан ерікті түрде бас тартуға өтініш қабылдайтын функция Egov mobile қолданбасының “Танымал қызметтер” бөлімінде тұр. Ал Egov.kz порталында «Азаматтарға», оның ішінде «Кеден және салықтар», оның ішінде “Экономика және қаржы” бөліміне орналастырылған.
Әр адам тек өзіне тыйым сала алады және өтініш жібере алады. Тыйым алты айға созылады, кейін автомат түрде алынып тасталады. Тыйымның күшін алдын ала жоюға болады, бірақ ол үшін қайта өтініш беру керек.
Бұл функция алаяқтарға азаматтардың атынан несие алуына мүмкіндік бермейді. Оған қоса бұл несие алуды әдетке айналдырған адамдар үшін де тиімді.
3. Көліктің техникалық бақылау құжатының мерзімі өткені туралы push-хабарлама келеді
Азаматтар көлігін жылына бір рет техникалық бақылаудан өткізіп, құжатын жаңартуға тиіс. Дегенмен көп жүргізуші құжаттың мерзімі біткенін ұмытып немесе байқамай қалып, айыппұл алып жатады. Бұл қауіпсіздігіне де әсер етеді. Мемлекет осы мәселені ескеріп, Egov қолданбасына жаңа функция енгізді. Көліктің техникалық бақылау құжаты мерзімінің бітуіне 30 күн қалғанда қолданба push-хабарлама жіберіп ескертеді. Ескерту қолданбадағы “Хабарламалар” бөлімінде тұрады.
Көлік иесінің ұялы телефонында Egov қолданбасы жоқ болса, оның нөміріне SMS хат жіберіледі. Онда 1414 нөмірінен жаңа хабарлама келгені, оны оқу үшін қолданбаны жүктеу керек екені жазылып тұрады. Қолданбаны жүктеуге арналған сілтеме де жіберіледі.
Оған қоса Egov қолданбасы мен порталында көліктің жаңа техникалық бақылау құжатының онлайн нұсқасы болады. Ол қолданбаның басты бетінде тұрған “Цифрлық құжаттар” бөлімінде сақталады. Оны қағазға басып шығармай-ақ көрсетуге болады.
4. Жұмыс беруші қателесіп, артық салынған ақшаны қайтаруға онлайн өтініш бере алады
Жұмыста түрлі жағдай болуы мүмкін. Жұмыс беруші қателесіп, қызметкерлердің жалақысын, әлеуметтік төлемдерді артығынан аударып қоюы мүмкін. Енді біреулер бір жұмысшыға бір айда екі рет айлық беруі мүмкін. Бұрын мұндай жағдайды шешуге шамамен бір ай уақыт кететін. Қазір бұл мәселені лезде шешуге болады. Жұмыс беруші Egov.kz порталы арқылы онлайн өтініш бере алады. Бұл жеке және заңды тұлғаларға да, жеке кәсіпкерлерге де қатысты. Адам зейнетақы жарнасы сомасынан қателессе, бір өтініште 10 қызметкердің аты-жөнін жаза алады. Әлеуметтік төлемнен қателессе, бір өтінішке 20 қызметкердің аты-жөнін тізіп шыға алады. Бұдан да көп адамға артық сома аударылса, бірнеше өтініш беруге болады.
Өтінішті қалай береді?
— әуелі Egov.kz кіріп, тіркелу қажет;
— “Азаматтарға” бөлімін басу керек;
— оның ішінен “Әлеуметтік қамтамасыз ету” бөлімін таңдау қажет;
— Онда екі функция бар. Бірі — қате аударылған міндетті зейнетақы жарналарының немесе өсімпұлдың сомасын қайтару. Екіншісі — әлеуметтік аударымдарды уақтылы немесе толық төлемегені үшін артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды және өсімпұлдарды қайтару. Қажетін таңдау керек;
— кейін жұмыс берушінің БСК мен ЖСК нөмірлерін енгізу керек;
— «Төлем тапсырмасының деректерін» көрсету керек;
— көрсетілген деректерді тексеру қажет;
— ақшаны қайтаруы керек қызметкерді таңдау керек;
— қанша сома және не себепті қайтаруы керек екенін жазуға тиіс;
— қайтарылған ақша түсуі керек реквизитті енгізу керек;
— таңдаған қызметкерге келісу үшін өтінішті жіберу керек;
— Қызметкер келіссе, Egov порталындағы жеке кабинетіне кіріп, өтінішке қол қоюы қажет. Соңында өтініш беруші де өтінішіне қол қойып, нәтижені күтуге тиіс.
Әлеуметтік төлем қате салынса да, өтінішті дәл осылай береді. Бірақ ол кезде қызметкердің келісімі керек емес.
5. Қазақстан азаматтары құжаттарын онлайн өзгерте алады
Енді азаматтар Egov арқылы туу туралы куәлігіндегі, неке қию куәлігіндегі немесе ажырасу актісіндегі мәліметтерді өзгертуге немесе түзеуге онлайн өтініш қалдыра алады.
Құжаттағы мәліметті қандай жағдайда өзгертуге болады?
- Баланың тегі ата-анасына ортақ немесе ата-анасының бірінің тегіне ауысса, құжатты түзеуге мүмкіндік бар.
- Ерлі-зайыпты ажырасса, некенің тоқтағанына байланысты олардың баласының атын, тегін, әкесінің атын өзгертуге болады.
- Ұлттық дәстүр бойынша, әкесінің немесе атасының тегіне ауыстыра алады.
- Азаматтық зал актілерінде қате кетсе, түзей алады.
- Тегін, атын, әкесінің атын ауыстырса, құжатты өзгерте алады және тағы басқа.
Ол үшін не істеу керек?
— әуелі Egov-қа тіркелу керек;
— басты беттен “Азаматтарға” деген бөлімді тауып, басу қажет;
— оның ішінен “Отбасы” деген бөлімді таңдауға тиіс;
— куәлік беретін халыққа қызмет көрсету орталығының филиалын таңдайды;
— отбасы жағдайы мен табыс көзін көрсету керек;
— өзгертілуі керек актілік жазбаның нөмірі мен тіркелген күнін көрсету керек;
— акт жазбасы үшін қандай өзгерістер, түзетулер, толықтырулар қажет екен көрсету керек;
— өзгерісті енгізу үшін растайтын құжатты тіркеу қажет;
— төлем жасау керек;
— өтінішке қол қою қажет.
Қызмет нәтижесі Egov.kz порталының мәртебе парағына және жеке кабинетіне хабарлама түрінде келеді. Дайын құжатты өтініште көрсетілген Халыққа қызмет көрсету орталығынан алу қажет.
6. Газ тарату желілеріне қосылу үшін қажет техникалық шарттарды eGov.kz порталынан алуға болады
Тұрғын үй мен белгілі нысан иелері газ тарату желілеріне қосылу үшін қажет техникалық шарттарды онлайн біле алады. Ол үшін бар болғаны Egov.kz порталындағы “Жылжымайтын мүлік” бөлімін басып, оның ішінен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» бөлімін таңдап, өтініш беру керек.
Бұл қызмет жеке тұлғаларға тегін. Техникалық күрделі емес объектілер үшін сұрағандарға бес жұмыс күнінде, техникалық күрделі объектілер үшін сұрағандарға 10 жұмыс күнінде шарты жіберіледі.
***
Тағы оқыңыз:
Қазақстан кейінгі жылдары цифрлық даму саласында қандай жетістікке жетті?