Бүгін Астанада қылмыстық кодексінің 366-бабы 4-бөлігімен айып тағылған Нұржан Әлтаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы аяқталды.
Бұл туралы Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Отырыс барысында сотқа прокурор тарапынан куәгердің берген жауаптарына байланысты өзінің және отбасы мүшелерінің өмірлеріне белгісіз тұлғалардан қауіп төніп тұрғандықтан, қылмыстық істі жабық сот отырысында қарау туралы өтініш түсті. Процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қорғау мақсатында сот прокурордың өтінішхатын қанағаттандырды және қылмыстық істі жабық сот отырысында қарау туралы шешім қабылдады, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 7 маусымда мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаев пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл ақпаратты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі растады.