Статистика бойынша, еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы – 28 жасқа дейінгі азаматтар ең көп жұмыс істейтін үш саланың бірі. Қалған екеуі – сауда және білім салалары.
Әйтсе де агроөнеркәсіптік тауарларға сұраныстың артуы, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің күн сайын өзекті бола түсуі, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялардың дендеп енуі жас мамандардың қажеттігін күшейтіп отыр. Бұл Қазақстанда ғана емес, әлемде де байқалатын үрдіс.
Ауыл шаруашылығы саласында жүрген үш жас маманның әңгімесін ұсынамыз. Агроном, технолог және агрохакер қызметі туралы, оның ерекшелігін және бұл салаға қалай келгенін айтып берді.
Кристина Кожнева – 26 жаста, Aitas Agro Vinnoe шаруашылығының агрономы:
«Ең керемет сәт – күздің аяғы»
Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха ауданында тудым. Кейінгі жылдары Өскемен маңындағы Винное ауылында тұрып жатырмын.
Биыл Алтай мемлекеттік аграрлық университетін өсімдіктерді қорғау агрономы мамандығы бойынша тәмәмдадым.
10-кластағы кезім есіме түсіп отыр. Анам шаруа қожалығында істейтін. Алқапта жүреді. Арасында қасына барып, қалай жұмыс істейтінін қызықтайтынмын. Ақыры жазғы демалыста сол қожалыққа үш айға жұмысшы болып кірдім. Сөйтіп ақша таба бастадым. Небәрі 16-17 жастағы кезім ғой.
Күн ашық кезде алқапта, жаңбыр жауса, «токқа» келіп жұмыс істейтінбіз. «Ток» – даладан келген бидайды қабылдап алып, өңдейтін, сосын оны арнайы сақтау орнына жіберетін жер.
Кішкентай кезімде кондитер не ландшафт дизайнері болуды армандайтын едім. Бірақ ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеген ұнап қалды. Неге байқап көрмеске деп ойладым.
Анам «шешімді өзің қабылда, әкең екеуіміз қолдаймыз» деді. Мектептен кейін оқуға қайда барсам болады деген сұрақ тұрды. Ресейдің Барнаул қаласына бару жайлы ұсыныс айтылды. 2015 жылы сол жаққа барып, құжаттарымды тапсырдым. Біршама уақыттан соң, агроном мамандығының бірінші курсына тегін түскенім туралы хабар алдым.
Ауыл шаруашылығында жұмысты үн-түнсіз істей беруге де болмайды. Ашық-жарқын болған дұрыс.
Кейде танысқан, біліскен адамдар «Ауыл шаруашылығы деген ер адамдар қызмет қылатын орын ғой! Қалай істеп жүрсің? Тіл табыса аласың ба?» деп таңғалып жатады. Бұған ұжым тарапынан түсіністік, қолдау бар екенін айтып жауап беремін. Ешкім білмегенімді бетіме басып, айыптамайды. Әрине, бастапқы кезде қиындау болды, ер адамдардың арасында қалай жұмыс істеймін деп қобалжыдым. Бірақ қазір мұндай қорқыныш жоқ, біреу айтқанымды тыңдамайды, ескермейді деп алаңдамаймын.
Нақты жұмыс кестесі жоқ. Егіс егу, сосын оны жиып-теру маусымында жұмыс қызады. Бұл – сәуір мен қарашаның арасы. Ақыры топырақты өңдеп барып бір-ақ тоқтаймыз.
Өзіме жұмысымдағы әр күн ұнайды. Ал ең керемет сәт – күздің аяғы. Бұл кезде егіс басталғалы атқарған ісіңнің нәтижесін көресің, қандай егін алғаныңды білесің, өсімдікті қаншалық күтіп-баптағаныңды, өңдегеніңді түсінесің.
Дақылды өңдеймін, дәрілеймін, басқа агрономдармен бірге егістің көктеп шыққанынан бастап пісіп-жетілгеніне дейінгі аралықтағы жай-күйін бақылап отырамыз.
Мен істейтін Aitas Agro холдингін үлкен отбасы деп айтса да болады. Қазір тұқым маманымын. Болашақта бас агроном болсам деген жоспарым бар. Жұмыспен шектеліп қалған емеспіз. Басқа агрономдармен тығыз байланыстамыз, білгенімізді бөлісеміз, олардың тәжірибесін аламыз. Осы мақсатта түрлі шара өткіземіз.
Маусым кезінде таңғы алтыда тұрамын. Үй шаруасын бір реттеп алған соң, 7-ге қарай жұмысқа барамын.
Шілде айында келесі жылды жоспарлаймыз. Қыста, алқаптағы жұмыс саябырлаған уақытта осы жоспарымызды қайта қарастырып шығамыз. Холдинг те бұл кезде қол қусырып отыртмайды: оқу шараларын ұйымдастырады, семинарларға қатысамыз.
Егін жайқалып тұрғанда, осы сұлулыққа жан-дүниенің бір бөлігін қосқаныңды, осының бәрінде өзіңнің де үлесің бар екенін ұғасың. Көз қуанады, жан жадырайды.
Тілеужан Қабыланов – 28 жаста, технолог, Өскемен құс фабрикасының учаске басшысы:
«Құстың көзіне қарап, қандай жағдайда екенін біле аламын»
Мамандығым – мал дәрігері. Семейдегі Шәкәрім атындағы университетте білдім жыл білім алдым, артынша магистратурасын аяқтадым. Оқудан кейін сол жерде сабақ бердім. 2020 жылы Өскемен құс фабрикасына жұмысқа тұрдым.
Нағыз өндірісті көргім келді. Университеттен кейін мұндай жұмысты атқара аламын ба, жоқ па деген сұраққа жауап іздедім.
Негізгі жұмысым – құс өсіру. Осы бағыттағы бүкіл жүйе мен процесті бақылап отырамын. Тауықты арнайы орынға кіргізу, бағу, дайындау, союға жіберу, келесі тобын қарсы алу – осының бәрі маған қарасты жұмыстар.
Агроөндірістік салада менімен жастылардың қатары артып келеді. 1998-1999 жылдары дүниеге келгендер де бар. Тіпті 2000 жылғылар да қызығушылық танытып жатады.
Жұмыс күнім түнгі ауысымның ақпаратымен танысудан басталады, сосын жемге тапсырыс беремін, микроклиматты бақылап отырамын. Тауық өсетін 15 алаңның бәрін аралап шығамын. Әр алаңда 40-50 мың құс бар.
Ауылда өстім. Бала кезден жан-жануарды жақсы көремін. Мал дәрігерлі болуға әдейілеп бардым. Әуелі өз ауылымда осы мамандық бойынша жұмыс істесем дейтінмін.
Құс фабрикасындағы жұмысты бірсыдырғы деуге келмейді. Кейде жылдам шешім қабылдау керек болады. Бастысы, құстың жағдайы жақсы болуға тиіс. Тауыққа жайлы болсын, стресс алмасын, дұрыс өссін деп қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Құстың көзіне қарап, қандай жағдайда екенін біле аламын. Бұл — менің жұмысым.
Өндірісте қызмет ету адамды шыңдайды, басқалармен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйретеді, түрлі технологиямен таныстырады. Әрине, халыққа пайдалы екенімді де айта кету керек.
Біздің жұмыс турлардан тұрады. Бір тур дегеніміз – құс өсетін 40 күн және келесі тауық тобы кіргенше дайындыққа кететін 15 күн. Тур сайын нәтижемізді жақсартып отыруға тырысамыз. Құс бағатын орындарды аралап қана жүрмейміз, кеңседе де отырамыз. Есеп-қисап тапсырамыз, статистика жүргіземіз.
Жастар жұмысқа жаңа леп алып келеді. Күн сайын білімімізді арттырып отырамыз. Өскемен құс фабрикасында күн сайын оқу шаралары өтіп жатады, жаңа жүйелер мен технологиялар ендіріліп отырады.
Ұжымымыздың бірлігі мықты. Ортақ нәтижеге жету үшін жұмыс істейміз. Арамызда осы салаға енді келген жастар да, білгенін бөлісетін тәжірибелі мамандар да бар. Бәріміз бірге жаңа технологияларды меңгереміз, құс өсірудің жаңа жолдарын игереміз.
Студенттік жылдары алға қойған жоспарымның бірі орындалды, яғни өндірісте жұмыс істеп жүрмін. Енді қызметте өссем деймін, сол үшін тырысып жатырмын.
Мал дәрігерлік, аграрлық сектор сұранысқа ие. Жалақысы да жақсы. Сенімді адам болса, жұмысын сауатты атқарса, сұрағаны беріледі.
Әлішер Түсіпханов – 24 жаста, агрохакер, Aitas Agro холдингі:
«Тракторда автопилот қайдан болсын деп таңғалдым»
Мамандығым – геолог, бірақ қазір агро саласында жүрмін.
Бастапқыда мамандық бойынша жұмыс істедім. Шахтада да, карьерде де болдым. Бірақ мұндай жұмыс ұнаған жоқ. Кестесі көңілімнен шықпады. Сөйтіп жүргенде Асхат пен Нұрбол (Aitas Agro холдингінің агрохакерлері) вакансия бар екенін айтып шақырды. Өкінбедім. Алқапты аралаған ұнайды. Табиғаты сұлу, жұмыс кестесі де ыңғайлы.
Агроға келмес бұрын бұл сала туралы ештеңе білмейтін едім. Бастапқыда GPS құралдарымен жұмыс істейміз, автопилоттарымыз бар дегенде, тракторда қайдағы автопилот деп таңғалған едім.
Әуеліде ештеңе білмедім, ештеңе түсінбедім. Бірақ қазір өзімді маман санай аламын. Әрине, тоқтап қалмақ емеспін. Әрі қарай өсу керек. «Агрохакермін» дегенді алғаш естіген адам «Не істейсіңдер? Кімсіңдер?» деп сұрайды. Түсіндіруге тура келеді.
Жалықтырып жіберетін бірсарынды жұмыс емес. Сол ұнайды. Ішің пысса, алқапқа бар – әдемі орындарды көресің, табиғат аясында боласың. Ол жақтың жұмысынан шаршасаң, кеңсеге кел.
Трактор жүргізетін әріптесімізді тракторшы емес, механизатор деп атаймыз. Біз, агрохакерлер, оған көмектесеміз, жұмысын жеңілдетеміз.
Қашықтан, үйде отырып жұмыс істегенімді көрген достарым, «Не жұмыс сенікі?» дейді. Әдетте арнайы бағдарламамен карта салумен айналысамын. Оны білгендер таң қалады. Бастапқыда қиын болды. Бірақ командам, басшылық бәрін түсіндіріп, көрсетіп берді. Сондықтан жылдам үйреніп кеттім.
Алдағы уақытта агрохакерлер сұраныста болады, бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істейді деп ойлаймын. Технологиялар дамып жатыр. Ауыл шаруашылығы алға озып барады. Біздің мамандық агротехнологиялардың алдыңғы қатарында тұр. Жаңа дүниенің бәрін орнатып, баптайтын маман — біз.
Құрдастарымның ішінде ауыл шаруашылығы саласында істейтін адам – мен ғана. Жұмысымның қайда екенін білгендер таңғалады. Олардың ойында ауыл шаруашылығы туралы таптаурын түсініктер қалып қойған. Бәрі бұрынғыдай деп ойлайды. Бірақ қазіргі жағдай басқа. Заманауи, технологиялық дүниелер көп.
«Бос орын бар ма?» деп сұраған таныстарым болды. Көп емес. Себебі бұл – жаңа бағыт. Түсіне бермейтін секілді. Әйтсе де жұмыс қарастырған адамға мүмкіндік іздеу керек. Агрода мұндай мүмкіндік жетерлік.
Кәсіби ақпаратты түрлі дереккөзден іздеп жүріп үйренеміз. Автопилоттар туралы айтып беретін сервистер бір бөлек, ал трекер жайлы басқа жерден табасың. Осының бәрін өзіміз тауып, жинап, шаруашылыққа енгізуге тырысамыз.
Ұжымым ұнайды. Бір отбасы секілдіміз. Әрдайым біргеміз, татумыз. Кез келген мәселені бірлесіп шешеміз. Университетте белсенді болатынмын, түрлі шара-байқауға қатысып жүруші едім. Мұнда да сол қалпымнан айнымадым. Студент кезімде шығармашылықпен де айналысуға болатын жұмыс тапсам ғой деуші едім. Қазіргі орнымда ән салам, билеймін. Керемет!
Материал AITAS холдингімен бірлесіп әзірленді. AITAS – Қазақстандағы ең ірі цифрлық агроөндіріс холдингі, оның құрамына «Кус&Вкус» брендімен өнім шығаратын Өскемен және Макинск құс фабрикалары, Алматы асыл тұқымды құс репродукторы, «AMP» брендімен шығатын ет, деликатес, шұжық өнімдері, Aitas Foundation корпоративтік қоры сияқты 15-тен астам кәсіпорын кіреді. Холдингте жемшөп және жемшөп компоненттерімен қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 35 мың гектардан астам аумақты алып жатқан бірнеше шаруашылық кіретін Aitas Agro бизнес-бағыты бар.