Басты бетЖаңалықтарАстанада экс-вице-министр...

Астанада экс-вице-министр Нұржан Әлтаевқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр

Экс–вице-министр Нұржан Әлтаевқа қатысты іс бойынша алдын ала тыңдалым басталды. Бұл туралы Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Оған аса ірі мөлшерде ақша түрінде пара алды деген айып тағылды (қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі).

Нұржан Әлтаев 2018 жылғы ақпаннан 2020 жылғы шілдеге дейін «Атамекен» ҰКП мүдделері үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпалдасып, делдал арқылы А.Мырзахметовтен пара ретінде жалпы сомасы 50 миллион теңгеден астам (115 мың АҚШ доллары және 8 миллион 150 мың теңге) ақшалай қаражат алды деп айыпталған.

Қылмыстық іс 15 томнан тұрады, іс бойынша 18 куәгер өткен.

Еске салайық, 7 маусымда мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаев пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл ақпаратты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі растады.