Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада соңғы, 46-шы кеншінің денесі табылды. Бұл туралы үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов мәлімдеді.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің мәйіті мен қаза болды деп болжанған 46-шы адамның денесі табылды. Қазір қаза болған 40 адамның жеке басы анықталып, алты адамның жеке басы анықталмады. Оларды анықтау үшін сараптамалар жүргізіліп жатыр. ДНК сараптамасы қажет болады, — деді министр.
Еске салайық, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Костенко атындағы шахтасында 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Апат кезінде 252 адам жер астында болған, оның 205-і жер бетіне шығарылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.
Үкіметке кеншілердің отбасыларына көмек беруді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.
Шахтадағы өрт фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Мемлекет басшысы ертең, яғни 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын айтты.