Астанада полиция бақылауы күшейтіліп, блокбекеттер қойылып жатыр

Астана полициясы күшейтілген режимдегі қызметке көшіп, елорданың периметрі бойынша жеті бақылау-өткізу бекеті қойылып жатыр.

Бұл туралы қалалық полиция мәлімдеді.

Полиция мәліметінше, елордада құқықтық тәртіп пен қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін шет мемлекеттер басшылары қатысатын ірі қоғамдық-саяси іс-шаралардың өткізілуіне байланысты департаменттің жеке құрамы қызметтің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды.

31 қазанда сағат 8.00-ден бастап қаланың периметрі бойынша Қарағанды, Қосшы, Көкшетау, Павлодар қалаларының, сонымен қатар Қорғалжын, Астраханка кенттері бағыты бойынша және халықаралық әуежайға кіреберісте (қала жағынан) азаматтардың құжаттарын, сонымен бірге автокөліктерде тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеру үшін блокбекеттер қойылып жатыр, — делінген хабарламада.