Басты бетЖаңалықтарҚарағандыдағы шахтада...

Қарағандыдағы шахтада қаза болғандар саны 45 адам болды

Қарағанды облысы Костенко шахтасында болған апат салдарынан қаза болғандар саны 45-ке жетті. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 45 кеншінің денесі табылды, бір кеншіні іздеу жалғасып жатыр. Жұмыстар бір-бірінен шамамен 6 километр қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесі ауданында жүргізіліп жатыр. Кеншілер орналасуы мүмкін ықтимал учаскелерге тау-кен құтқарушыларының өтуінің барлық мүмкін жолдары пысықталып жатыр, — делінген хабарламада.

Апаттың болжамды эпицентрін тексеру үшін министр Сырым Шәріпханов шахтаға түсті. Сонымен қатар Сырым Шәріпханов аварияны тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия мүшелерімен отырыс өткізді.

Еске салайық, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Костенко атындағы шахтасында 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Апат кезінде 252 адам жер астында болған, оның 205-і жер бетіне шығарылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

Үкіметке кеншілердің отбасыларына көмек беруді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.

Шахтадағы өрт фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Мемлекет басшысы ертең, яғни 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын айтты.